Экономиканың өсу қарқынын сақтап қалуымыз керек – Премьер-Министр

«Нақты сектор тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етті. Өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының даму қарқыны жақсы. Өнеркәсіп секторы өндірістің 1,5%-ке, оның ішінде өңдеу саласының 1,6%-ке өскенін көріп отырмыз», - деді Ә. Смайылов Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Сонымен бірге, фармацевтика – 51%, жеңіл өнеркәсіп – 11%, тоқыма бұйымдары өндірісі – 25%, мұнай өңдеу –11%, химия өнеркәсібі – 11%, сусындар өндірісі – 33%, тамақ өнімдерінің өндірісі шамамен 10%-ке, машина жасау 12%-тен жоғары, оның ішінде локомотивтер мен вагондар өндірісі – 5%, автомобиль жасау саласы – 25%-ке өскен.
Тау-кен өнеркәсібінде 1,2% өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс саласы 12,5%-ке орнықты өсім көрсетіп отыр. 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету секторы жыл басынан бері 7,6%-ке өсті. Оған сауда, байланыс және көлік секторындағы жоғары динамика ықпал еткен.
Қаңтар айының қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсуі Қостанай облысы мен Алматы қаласында тіркеліп отыр. Ең төмен көрсеткіштер – Абай және Қарағанды облыстарында.
«Көріп отырғанымыздай, биылғы жыл басы ел экономикасының серпінді дамуға бағыт алғанын көрсетіп отыр. Экономиканың осы өсу қарқынын сақтап қалуымыз керек.
Бұл бүгінгі геосаяси жағдайда оңай шаруа емес. Үйлесімді жұмыс пен тиімді үйлестіруді экономиканың барлық салаларында қамтамасыз ету керек.
Ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруға, шикізаттық емес өнім көлемін ұлғайтуға басымдық берілуі тиіс. Шағын және орта бизнестің әлеуетін кеңейтіп, дамуға жағдай жасауымыз керек. Тартымды инвестициялық климат құрып, инвесторлармен белсенді диалог жүргізу қажет. Инвестициялардың құрылымын қосылған құны жоғары тауарларды өндіру жағына қарай ұлғайту керек. Дәстүрлі салалармен ғана шектеліп қалмай, жоғары технологиялық өндірістерге де баса назар аударуымыз қажет», - деді Үкімет басшысы.
Фото: t.me/Kzgovernment