Екпе алмаған балалардың сабаққа қатысуына шектеу енгізілуі мүмкін бе

АСТАНА. KAZINFORM — Егер топта немесе сыныпта ұжымдық иммунитет болмаса, екпе алмаған балалардың мектептер мен балабақшаларға баруына тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов айтты.

вакцина
Фото: Abadolu

Бүгін Құрылтайда тілшілер ведомство өкілінен аурудың таралуы қарқын алған жағдайда, екпе алмаған балалардың мектептер мен балабақшаларға баруын уақытша шектеу жөнінде шешім қабылдау мүмкіндігі туралы сұрады.

— Қазіргі уақытта тиісті бұйырық бар. Әсіресе, бұл жағдай қызылшаға қатысты. Егер ұжымдық иммунитет қалыптаспаған болса, мектепке дейінгі мекемелерге немесе мектептерге баруға тыйым салынады. Мысалы, егер топтағы немесе сыныптағы балалардың басым бөлігі екпе алған болса және екпе алмаған бір баланың болуы сол топтың ұжымдық иммунитетіне қауіп төндірмесе, онда ол балаға оқу орнына баруға рұқсат етіледі. Дегенмен әр жағдай жеке қарастырылуға тиіс. Сыныптағы немесе топтағы балалардың көпшілігі екпе алмаса, онда мектепке дейінгі мекемелерге немесе мектептерге баруға тыйым салынады, — деді Манас Рамазанов.

Еске салсақ, қызылшаның әрі қарай таралуының алдын алу мақсатында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2026 жылғы 19 ақпандағы № 3 «Қазақстан Республикасындағы қызылша бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданды.