Экранға тәуелділік баланың қабілетін төмендетеді — дәрігер
АСТАНА. KAZINFORM — Экранға көп қарайтын балалар мен жасөспірімдердің зейіні тез бұзылып, ақыл-ойs құрдастарымен салыстырғанда айтарлықтай төмен болады. Мұны түрік невропатологы Ахмет Онур Кескин мәлімдеді, деп жазды Анадолы.
Сандық технология күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ бақылаусыз және ұзақ уақыт экранға қарау миға үлкен қауіп төндіреді.
Онур Кескин бүкіл әлемде өмір сүру ұзақтығы артқан сайын сау мидың маңыздылығы да артып келе жатқанын атап өтті.
— Кәрілік кезеңге дейін миды сақтау өмір сапасына да, адамның қоғамдық өмірге белсенді қатысуына да тікелей әсер етеді, — деп атап көрсетті ғалым.
Кескин Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі салауатты қартаюға және қоғамдық денсаулыққа бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатқанын, бірақ қоғам ми күтімінің маңыздылығын жете бағаламай отырғанын еске салды.
Экранды шамадан тыс пайдалану зейінді нашарлатады
Сондай-ақ невропатолог экранға тәуелділіктің балалар мен жасөспірімдерге әсеріне назар аударды.
Оның айтуынша, осы саладағы көптеген ғылыми зерттеулер ұқсас нәтижелерге қол жеткізген.
— Зейін тапшылығының бұзылуы экранды белсенді пайдаланатын балалар мен жасөспірімдерде жиі кездеседі және олардың ақыл-ой қабілеттері құрдастарына қарағанда айтарлықтай төмен. Олардың оқу үлгерімі айтарлықтай нашарлап, әлеуетін іске асыруға елеулі кедергілер жасайды. Біз мүмкіндігінше экрандарды өмірімізден алып тастауымыз керек. Бұл мүлдем мүмкін болмаса, балалар мен жасөспірімдер үшін мүмкіндігінше пайдалануды шектеу өте маңызды, — деді невропатолог.
Еске салайық, бұған дейін ғалымдар Альцгеймер ауруын емдеуде үміт күттіретін жаңалық ашқанын жазған болатынбыз.