Экс-дипломат ісі: сот Сәкен Мамашты үйқамақта ұстаудан бас тартты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі болған Сәкен Мамашқа әйелін жылдар бойы ұрып келді деген айып тағылып, іс сотқа жетті.

Сәкен Мамаштың адвокаты Бейбітжан Сайлауұлының айтуынша, бұрынғы дипломат жасырынбаған және тергеу органдарында айыпталушының Қазақстаннан кетуге әрекет жасағаны туралы сенімді дәлел жоқ.
- Мен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жеңілдеу түріне өзгертуді сұраймын, - деді Бейбітжан Сайлауұлы.
Қорғаушының мәлімдеуінше, Сәкен Мамаш әрдайым тергеу органдарының шақыруы бойынша келіп отырған және тергеу шарттарын бұзбаған.

Алайда судья Артур Абдыханов айыпталушыны үйқамақта ұстауға негіз жоқ деп тауып, өтінішті қанағаттандырмады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы басталды.
Экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы ішінара жабық өтеді.
Айта кетейік, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі болған Сәкен Мамаш биыл 4 сәуірде қамауға алынды.
Еске сала кетсек, былтыр мамырда Қазақстанның БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйеліне үнемі күш көрсеткені, тіпті жұбайының әпкесіне де қол көтергені туралы хабарлаған едік.
Артынша әйелін ұрды деп айыпталған қазақстандық дипломатқа қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ елші кеңесшісінің әйелі Карина Мамаш дағдарыс орталығына орналастырылды.
Кейін әйелін ұрған экс-дипломатқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды.
Биыл 21 мамырда әйелін үнемі ұрып келген экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісі сотқа жіберілді.