Экс-футболшы Эмиль Кенжесариев ақтөбелік жанкүйерлерімен кездесті

 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Ақтөбе» футбол командасының ойыншысы Эмиль Кенжесариев жанкүйерлерімен кездесіп, қолтаңба берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Ақтөбе» футбол клубының экс-ойыншысы Эмиль Кенжесариев кеше «Ақтөбе»-«Тараз» командалары арасындағы ойынға қатысып, жанкүйерлерімен қауышты. Ақтөбелік жанкүйерлерді көрген сәтте ерекше қуанған спортшы бүгін қолтаңба беріп, жанашырларымен суретке түсті.

«Ұшақ Ақтөбеге қонған сәтте тұла бойым дірілдеп, толқып кеттім. Бұл жер маған өте ыстық. «Ақтөбенің» жанкүйерлері жақсы қабылдады. Тіпті көшеде танып қалып, тоқтап, суретке түсті. Ақтөбе-Тараз ойынын тамашалаған кезде менің аты-жөнім аталды. Сол кезде жанкүйерлер ыстық сәлемін жолдады. Бұл үлкен бақыт, қуаныш»,- деді Эмиль Кенжесариев.

Айта кетейік, биыл Ақтөбе футбол клубының құрылғанына 50 жыл толды. Соған орай «Ақтөбе» құрамында ойнаған атақты футболшылар, ардагерлер шақырылып, кездесулер ұйымдастырылады.

 
«Эмиль Кенжесариевтің келгенін, жанкүйерлерімен кездесу өткізетінін стадионда естідім. Бүгін қолтаңба алып, онымен сөйлестім. Менің кумирім үлкен футболды 18 жасында бастаған екен. «Ақтөбе» клубына «Астана» командасынан келді. Мұның бәрін өзінен естіп, естелік суретке түстім. Мен де болашақта жақсы футболшы болғым келеді»,- деді ақтөбелік жанкүйер Әскербек Байдалимов.

Айта кетейік, Эмиль Кенжесариев 2006, 2008, 2009, 2013 жылдары Қазақстан чемпионы болды. 2013 жылы Алматы қаласындағы төбелес кезінде жарақат алып, бінеше ота жасалды. Ол үлкен футболмен қоштасты.

Соңғы жаңалықтар