Экс-министр: ЖОО алыстан келген студентті жатақханамен қамтуы керек деген норма бар

студент
Фото: pexels.com

Қауіпсіздік талаптары сақталмаған хостел мен жатақханаларда адамдар жатпауы тиіс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Хостелдер, жатақханалар немесе тұрғын үйлер қауіпсіздік талаптарымызға сәйкес болуы керек. Егер бұл талаптар орындалмаса, хостел мен жатақханаларда адамдар жатпауы тиіс. Басты мәселе – осында. Сондықтан осы хостелді кім қабылдап алды? Яғни нысандағы қауіпсіздік ережелері қаншалықты қамтамасыз етілгені тексеріс барысында зерттеледі», – деді А. Аймағамбетов Мәжілісте тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Депутаттың пайымынша, қазір еліміздегі студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету маңызды.

«Кейінгі бірнеше жылда студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бағытында 30 мыңнан астам жаңа орын пайдалануға берілді және бұл жұмысты жалғастыру қажет. Кезінде біз барлық университет алыстан келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуі керек деген норманы бекіттік. Егер олар осы норманы орындамаса, министрлік басқа тиісті жазалау шараларын, лицензияларды қайтарып алу сияқты қадамдар жасай алады. Атап айтқанда, бұл жатақханалардың барлығы қауіпсіздік талаптарына сай болуы керек», – деді Асхат Аймағамбетов.

Еске салайық, бүгін Алматыда хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 30 қараша күні сағат 05:33-те түскен. Бірінші өрт сөндіру бөлімі шақырту орнына 7 минут ішінде жетті.

«Келген бойда 1-қабаты және жертөлесі жатақханаға айналған 3 қабатты тұрғын үйдің жанып жатқаны анықталды. Алдын ала ақпарат бойынша өрттің жалпы ауданы — 30 шаршы метр. Қабылданған шаралармен өрт 06:22-де жойылды», — деп хабарлады департаменттен.

Өрттен зардап шеккен 2 адам қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, науқастың біріне көмірқышқыл газынан улану диагнозы қойылды.

Хостелден 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.

Алматыда хостелде болған өрт туралы соңғы мәліметтер мына жерде.

Соңғы жаңалықтар