Экскаватор қағып кеткен: Алматыда мопедке мінгескен жасөспірім көз жұмды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда мопед тізгіндеген жас жігіттер жол-көлік оқиғасына ұшырады. Салдарынан 16 жастағы жолаушы қайтыс болды.

Экскаватор қағып кеткен: Алматыда мопедке мінгескен жасөспірім көз жұмды
Фото: Kazinform

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, жол-көлік оқиғасы бүгін 8.10-да Алматының Алатау ауданында болған. 

«Алғабас» ықшам ауданында Доспанов көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан мопед тізгіндеген 15 жастағы жасөспірім жолда келе жатқан «Шевроле» көлігімен соқтығысқан. Салдарынан мопед аударылып қалған. Одан кейін соқтығыс салдарынан жол жиегіне құлаған мопедтің 16 жастағы жолаушысын экскаватор қағып кетті. 

– Өкінішке қарай, жасөспірім алған жарақатынан көз жұмды. Адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін биыл Алматыда мопед жүргізушілері 743 жол-көлік оқиғасына ұшырап, 757 адам зардап шегіп, 14 адам қаза тапқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар