ЭКСКЛЮЗИВ: Дана Абайдың ұрпақтары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.Қарадан хакім болған сендей жанның Әлемнің құлағынан әні кетпес!...Ай, жыл өтер, дүние көшін тартар, Өлтіріп талай жанды, жүгін артар.Көз ашып, жұртың ояу болған сайын, Хакім ата, тыныш бол, қадірің артар, - деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, қазақтың жазба әдебиетін қалыптастырушы, философ-ақын Абай Құнанбаевтың туғанына биыл 170 жыл толып отыр.
None
None

Шыңғыстау баурайында дүниеге келіп, ауыл молдасынан сауат ашып, Семей медресесінде дәріс алған Абайдың ақылды әже - Зеренің, аяулы ана - Ұлжанның тәрбиесін алып, Құнанбайдай әке, ел ағасының қамқорлығын көруі, жақсы-жаманды жастайынан аңғарып, әке еркімен ел ісіне жастай араласқаны оның тез есеюіне септігін тигізеді. Жастайынан ел ішіндегі айтылған әңгіме, шешендік сөзге құлақ түріп, біртіндеп сұлу сөздің мәйегін бойына сіңіре білген Абай өмірді философиялық жағынан терең ұғына білді. Оның дүниетанымы жалған дүние мен барзақ өмірінің шындығы, Алланың сөзімен аян бойынша жазылған Құран-Кәрімнің үлгісіне сүйенген өміршеңдігімен ерекше еді.

Әрине, уақыт озғанымен Абай жырларын оқыған адам терең ой құшағында өз өмірін бажайлап зерттей, өзінің ішкі дүниесіне үңіле біледі. Абай сөздерінен ғибрат алады. Ақын жазып қалдырған шығармалар мың жылдан соң да маңызын жоғалтпайтыны хақ.

Абайдың «Қара сөздерінде» де пайғамбар хадисінде айтылған шындық тұр. Абай - біз үшін феномен. Осы жылдар аралығында дәл Абайдай сұңғыла, Абайдай ақыл-ойдың озық иесі қайта туа қоймағаны хақ. Ол қайталанбас дара тұлға еді-ау... Қазақ халқы үшін жырлары мөлдір бұлақтың бастауы еді. Осы күнге дейін Абай жырларынан сусындап, Абайға еліктеген ақын-жазушыларымыз аз емес. Әр әдебиетші Абайдың шығармаларынан нәр алып, Абайдың бастауынан сусындайды, Абайға еліктеп бой түзейді. Абай айтқан өсиетті өмірлеріне қағида етіп ұстайды, Абай сөзін ту етіп желбіретеді, Абай сөзін мысал етеді.

Шыңғыстау перзенті, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов Абай өмірін, ақынның ата-тегін зерттеп, рухани болмысын «Абай жолы» романында жазып қалдырды, сол үшін бірнеше жыл тер төкті, баға жетпес рухани қазына қалдырды.

Мұхтар Әуезовтың либереттосымен Латиф Хамиди мен Ахмет Жұбанов «Абай» операсын жазды. Сол сияқты ақын-жазушыларымыздың шығармаларына арқау болған Абай шығармалары әлі күнге зерттеліп келеді. Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла,- деп ұлы ақынымыз жырлағандай, әлі де зерттеуді қажет ететін Абай мұралары ашылмаған қазына, ақтарылмаған әңгіме, жазылмаған дастан десе де болғандай.

Абай тақырыбы болашақ ғалымдарға таусылмайтын тақырып екені даусыз.

Абай жас кезінен қазақтың ауыз әдебиеті мен мәдениетін бойына сіңіре отырып, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули сынды ақындардың жырларын жаттап өсті. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов секілді ақындардың шығармаларымен танысты. Соның арқасында дүниетанымын кеңітіп, білімін шыңдай берді. Осыған орай абайтанушы Мұхтар Әуезов «Абай өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасынан нәр алды» деген болатын. Абай білімін толықтыра жүріп, қырықтан асқан шағында ақындыққа біржола ден қойды. Халқына аса құнды жыр жауһарын қалдырды, ақылға толы қарасөзін сыйға тартты.

Ендігі айтпағым, Абай өмірінің жалғасы - ұрпақтары жөнінде болмақ. Мен өзім біраз уақыттан бері Абайдың ұлы Ақылбайдың баласы Исрайылдың қызы Кәсира апаймен араласамын. Тектілігі әр сөзінен байқалатын, Абай атасынан аумайтын шөбересінің таңды таңға ұрып айтар әңгімесі де бір төбе. Әрине, қанмен келген шешендік бұл кісіде де басым. Әңгімесі тұщымды, мағыналы келетін апайымыздан бабалар шежіресін суыртпақтап сұрағанымда ол кісі әңгімесін әріден бастап еді: - Өз заманының Абай атамның үш әйелінің үлкені Ділдәдан алты бала дүниеге келіпті. Тұңғыштары - Ақылбай, одан кейінгілері Әкімбай, Әбдірахман, Мағауия. Қыздары - Гүлбадан, Райхан. Екінші әйелі Әйгерімнен - Тұрағұл, Мекайл, Ізкайл, Кенже туады. Үшіншісі - Оспанның әйелі Еркежанды әмеңгерлікпен інісі қайтыс болған соң алған екен, бірақ одан бала болмапты. Ақылбай бір жасқа толғанда Құнанбайдың тоқалы Нұрғаным апамыз бауырына басыпты. Ақылбайдың Әлімқұл, Әубәкір, Исрайыл деген балалары болды. Менің әкем Исрайыл орта бойлы, байсалды, өңді кісі еді. Скрипка, сырнай, мандолин, сыбызғы, домбыраны шебер ойнайтын, күйшілігі де бар еді. Ол өзінің «Бүркітші», «Боран», «Қос қыз», «Бұлақ жігіт» секілді бірнеше күйлерін шебер орындайтын. Сонымен қатар Абай атаның «Май түні» атты күйін өте шебер орындаушы еді. Ал Ақылбай атам әнші, домбырашы болыпты. Оның «Дағыстан», «Зұлыс» деген поэмалары бар. Анамыз Тұрар Кәріпжанқызы ақжарқын, кішіпейіл жан еді. Анамыз алты құрсақ көтерген. Күләш, Майра деген екі қызы, Сарыжан деген ұлдары нәресте шақтарында шетінеп кетіпті. Сөйтіп жүргенде Нәзипа, Күлзипа дүниеге келді де, мен 1943 жылы тудым, - деп өзі туралы ағынан жарылған еді.

Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған бір хабардағы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында өмір сүрген Күлзипа Исрайылқызының көзі тірісінде айтқан әңгімесі көңіл толқытады:

- Абай атам өз балаларымен қоса немерелерін де арабша оқытқан.

Аралтөбе деген жерде Мұхтар ағамыз болды да, бір-екі дөңнен кейін Тышқан деген жерде біздің қорамыз болды.

Әкем Исрайыл өнерлі болғанымен жуас, ал шешем сөзге шешен, сондай пысық адам болды.

Абай атамның жері - Қарауыл жерінде үлкен дөң бар. Жазықта тау бар еді. Біз Қарауылда тұрдық. Кейін Оспан атамның қорығы Жидебайға көшіп келдік. Жидебайда Абай атамның музейі ашылды. Құр төрт қабырға. Музейді ашқан соң әкем басқарды. Бұның бәрі соғысқа дейінгі оқиға. Қазақи төсек, домбыра, аяқ-табақ, қазан-ошақ, жез самауырын, сырмақ, кілем дейсің бе, бәрін ел болып жинай бастады.

Исрайыл Абай атасы қайтыс болғанда сегіз-тоғыздағы бала екен. «Атамыздың көзі өткір адам еді. Абай атам жайлауда қайтыс болды. Жайлауда қайтыс болғанмен арбаға салып, он сегіз шақырым жердегі Жидебайға әкеп қойды. Жайлаудан, Қарауылдан, жолдан қосылған адамдар жылап-еңіреп, атамды жерлеген еді» деп, өз әкем Исрайыл айтып отыратын».

Ақылбайдан туған үш ұлдың үлкені Әлімқұлдан Бағыфур, Шәбәп және Тайыр есімді үш ұл, Ғазиза, Зәбіш, Қауаш деген үш қызы болған.

Шәбап ертеректе қайтыс болған. Одан ұрпақ жоқ. Ал Бағыфурдан Эрнест, Бауэр, Айдар атты ұлдары қалады. Эрнестен туған Айдос қазір Алматыда тұрады. Ал Айдар болса Санк-Петербургтен оқу бітіріп келген ұлы Даниярмен бірге Ақтауда тұрады. Даниярдың да екі қызы бар.

Оқыған-тоқығаны мол Бауэр үйленбей жатып қайтыс болады.

Әлімқұлдың Ғазизасы да ерте көз жұмды. Зәбіштен Бағира, Бағирадан Вира, Кенже есімді екі қыз бар. Ал Қауаш апамыздан Теле, Роза, Ләйла есімді үш қыз және бір ұл қалған. Бәрі де бүгінде Семейде тұрады.

Осы жайлы мағлұмат берген Күлзипа апай бала кезінде қайта оралды:

- Қыздардың жөні бір басқа. Менің Саржан деген бауырым керемет ақылды болды. Өлер бала өжет болады екен. Үйдегі қыздар шекісіп қалсақ, «апайлар, қойыңдаршы, қойыңдаршы» деп шыр-шыр ететін. Саржан қайтыс болғанда шешем жынданып кете жаздаған. Сегіз қыздың ішінде өскен сегіз жасар Саржан өлгенде әке-шешемнен басқа бүкіл әулет, ауыл болып қайғырды.

Ашаршылық жылы ел-жұртымызды тастап, Семейге кетіп қалдық. Әке-шешеміз шанаға отырғызып, текеметке орап бізді қалаға алып кетті. Текеметтің шетін көтеріп қойды. Бала емеспіз бе, сығалап қарасақ, айнала қойша қырылған өліктер.

Біз Екей дейтін байдың кіреберісіне орналастық, қара нанға зар болған күндер өткен,- деп Күлзипа апай көзіне жас алған-ды.

Күлзипа Исрайылқызының ақындық шабытынан туған жинағы жарық көрді. Ол кісі Абай атасына арнап:

Ботасыз нардай боздаған, Ғасырлар өтті тізіліп. Өлеңің сенің тозбаған, Тозса да таулар мүжіліп. Тыңдадың зарын жарлының, Қиыла күйдің мұңына. Ұрпаққа аңыз өмірің, Надандар мұны ұқты ма? Заманнан өттің қамшы жел, Алыстың жалғыз мұңменен. Асыл сөз қалды мәңгі боп, Өтсе де ғасыр жылменен. Түнекті жарып шықты үміт, Өшпейтін өмір бір өзің. Өнеге айтқан ұқтырып, Мәңгілік бізге жыр өзің,- деп бір кезде толғаған екен. Күлзипа апайдың жырлары мерзімді баспасөзде ара-кідік жарияланып тұратын. Күлзипа Исрайылқызы 19 немере, 21 шөбере, екі шөпшек сүйген бақытты ана еді. Бірер жыл бұрын қайтыс болды.

Ақылбайдың Әубәкір деген балаларынан қалған ұрпақтардың нақты саны беймәлім. Бірақ оның Ғабдысәлім, Әлихан есімді балалары кешегі 1941 жылғы соғыста қаза тапқан. Әубәкір атамыздың өзі Оңтүстік Қазақстанға жер ауып, сол жақта қайтыс болған деседі.

Осы бір қысылтаяң кезде Бағыфур Исрайыл балаларына көмек беріп, қанатының астына алады.

Исрайыл отбасымен Семейден Сынтас деген жерге, одан Жарма ауданының Қазаншұқыр деген жеріне көшіп келеді. Кейін Георгиевка деген жерге көшіп келді, ол жерде Бағыфур ағалары кадрлар бөлімінде істеді.

Күлзипа апай жазушы Әзілхан Нұршайықовпен бір сыныпта оқыпты. Кейін ата-анасымен Балажал деген жерде тұрыпты. Сол жерден бес-алты шақырымда «Жеті үй Тобықты» деп атап, ағайындар үй салады.

Бір күні Бағыфур ағасы Күлзипаға бәтеңке сатып әпереді, сонда кішкентай қыз жаңа дүниені киюге аяп, жеті шақырым мойнына асып алып жалаңаяқ келген екен, балалық қой.

Қай жерде Бағыфур қызмет етсе, сол жерде Исрайыл отбасымен паналап жүрген екен. Кейіннен Бағыфур Мыңбаев атындағы қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарады.

Абай ұрпақтарына ядролық сынақтың да әсері болмай қойған жоқ. Исрайыл атамыз қылтамақтан қайтыс болады.

Ал Кәсира Исрайылқызының балалық шағы Жидебайда өтіпті. Мектепке барарда ол ата-анасымен Қарауылға көшіп келіпті. Абай атамыздың ұрпағы деп мектептің тұсынан әкімшілік үй берген екен. Бірде Алматыдан Мұхтар Әуезов келіп, «Кәсираны оқуға жібер» деп өтінген екен. Кәсира болса үй шаруасына, малға қарап отырған ата-анасының жалғыз қолқанаты еді. Содан онжылдықты бітірген соң ата-анасы қыздарын Алматыға жібереді. Кәсира Қыздар педагогикалық институтын бітіріп, Аманжол есімді жігітке тұрмысқа шығады. Қазір бес қыздың анасы.

Абайдың шөбересі, яғни бәйбішесі Ділдәдан туған ұлы Мағауиядан тарайтын Ишағы Жағыпарқызы 92 жасында дүниеден озды.

Апалы-сіңлілі Ишағы (1922 жылы туған) мен Ғазел (1925 жылы туған) Мағауияның баласы Жағыпардан тарайды. Қазақ әдебиетінен орын алған "Еңлік-Кебек", "Медғат-Қасым", "Абылай" поэмаларының авторы Мағауиядан қалған ұрпақтар осы кісілер еді. Бүгінде Ишағы апамыз да о дүниелік болды. Ғазел Жағыпарқызы Алматыда тұрады. Жағыпарда үш қыз, екі ұлы болған деседі.

Абай атамыздың оншақты ұрпағы Ұлы Отан соғысына қатысқан екен. Солардың ішінде Жошыхан Мағауин мен Ишағы Жағыпарқызы да бар еді. Жошыхан тірі болса Абай атасының жолын қуып, белгілі ақындардың бірі болар еді.

Небір зар замандарды басынан өткеріп, оқу-білім іздеп, жарық сәулеге ұмтылған Абай ұрпақтарының арасында өнер-білімге құштар шөберелер мен шөпшектер өсіп келеді.

Абай Құнанбаев ізгіліктің гүлін егіп, замана ағымына үн қосқан, бүгінде әлем таныған шоқтығы биік ұлы тұлға.

Қазақ радиосының әуе толқынынан үзбей насихатталып тұратын Абайдың «Қара сөзі», Мұхтар Әуезовтың «Абай» эпопеясы, «Абай» радиоқойылымы», «Татьянаның қырдағы әні» хабарлары мен Ілия Жақановтың «Ақылбайдың әні», «Абайдың ән мұрасы», «Абай ариясы», «Қараңғы түнде тау қалқып» шығармалары, Кемелбек Шаматаевтың Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына орай дайындаған «Асыл сөздің астарлары» атты 45 хабары, Сұлтанғали Садырбаевтың «Мен бір жұмбақ адаммын» хабарларымен қоса Латиф Хамиди мен Ахмет Жұбановтың «Абай» операсы, 500-ге жуық әр орындаудағы Абай әндері тыңдаушының жанын байытатын құндылығымен ерекше.

90 жылдық тарихы бар Қазақ радиосының «Алтын қорынан» берік орын алған Абайдың рухани болмысын зерттеп, жоғары баға берген құнды хабарлардың ішінде әлі де зерттеліп, тыңдаушысын табатын тың дүниелер баршылық. Тек барымызды бағалай білетін халқымыз аман болғай!

Алтын Иманбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Соңғы жаңалықтар