ЭКСКЛЮЗИВ: ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінен ҚазАқпараттың арнайы репортажы
Үрімжі
Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің орталығындағы пресс-тур шетелдік журналистерді «Зорлық-зомбылық пен терроризмнің басты оқиғалары» деп аталған көрмемен таныстырудан басталды. Көрмеге 1990 жылдардың басынан бері орын алған қақтығыстар мен шиеленістер хронологиясы туралы фото, видеотаспалар, тәркіленген қолдан жасалған жарылғыш заттар, атыс және суық қару-жарақ құралдарының үлгілері қойылған.
Бұдан кейін Шыңжаң Ислам институтын аралап көрсетті. Онда исламның діни қызметкерлері оқып, диплом алып шығады. Олар оқу бітіргеннен кейін дипломы бар діни қызметкер ретінде өңірдегі мешіттерде ресми қызметке орналаса алады.
Институт басшысы, Бүкілқытай халық өкілдері жиналысының депутаты (БХӨЖ), ШҰАӨ Халықтық саяси консультативтік кеңесі төрағасының орынбасары, Қытай ислам қауымдастығы басшысының орынбасары және Шыңжаң ислам қауымдастығының төрағасы Әбдірақып Тұмырнияздың айтуынша, студенттерге арналған мешіттің жалпы аумағы 1 мың шаршы метрден асады. Мұнда 1200 адам бір уақытта намаз оқи алады. Қазіргі уақытта институтта 688 студент білім алып жатыр екен.
Бізді негізінен кәсіптік-техникалық орталықтардың немесе құқық қорғаушылар әлемдік БАҚ-та айтып жүрген «саяси тәрбиелеу лагерьлерінің» жұмысы қызықтырған еді. Әбдірақып Тұмырнияз мұндай мекемелерде діни экстремизм идеясының ықпалына ұшыраған тұлғалардың тілге (қытай тілі), заңдарға және жұмыс кәсібіне үйрету арқылы түзелуіне көмектеседі деп жауап берді.
Айта кететін мәселе, пресс-турдың басынан аяғына дейін біз аралаған барлық қалалар мен орындарда сұхбат тек Қытай билігі өкілдерінің міндетті түрде қатысуымен ғана берілді. Спикерлермен жеке әңгімелесудің ешқандай мүмкіндігі болмады.
Ислам институты студенттерінің арасында 25 жастағы этникалық қазақ Есхат Аятбек бар екен. Ол биыл соңғы курста оқып жатыр екен. Бітірген соң ШҰАӨ Іле-Қазақ автономиялық облысы Тоғызтарау округіндегі ауылына қайтып, имам болып жұмыс істеуді жоспарлайды. Одан қазақтар арасында діни ұстанымына орай шектеу мен қысымға ұшырағандар туралы сұрақ қойылды.
«Қазақтар және басқа да мұсылмандар тұратын жерлерде діни әдет-ғұрыптар мен бес уақыт намаз оқуға ешқандай шектеу жоқ», - деді ол. Есхат этникалық қазақтардың жағдайының жақсы екенін, ешқандай шағым жоқ екенін қысқа қайырып айтты.
Шыңжаңдағы Ислам институтын аралатқаннан кейін журналистерге «Дабазар» ауданын көрсетті. Бұл - Үрімжі қаласындағы негізгі орталық әрі ең үлкен базар. 2003 жылы қайта жаңғыртылған бұл базар ислам стилінде салынған және күмбездері, мұнаралары бар алып сарай іспеттес. Басқа базарлар секілді мұнда да қытай мен басқа да шетелдік туристер сапырылысып жүр; нешетүрлі кәдесыйлар сатылады - хотан нефриті мен қолдан тоқылған қашқар кілемі, тақиялар, ұлттық киімдер, орамалдар, ұлттық музыкалық аспаптар, алтын әшекей-бұйымдар, бағалы тастар сатылады. Ашық алаңда концерттер өтіп жатыр. Үрімжі көшелері мен журналистер барған басқа да қалаларда байқалғаны әрбір 800-1 000 метр сайын полиция пункттері орналасқан.
Қашқар
ШҰАӨ оңтүстігінде орналасқан Қашқар қаласы - көне әрі киелі орындардың бірі. Бұл қалада түркінің күллі әлемге әйгілі ғұламалары Жүсіп Баласағұн мен Махмұт Қашқаридің бейіті бар.
Жергілікті тұрғындардың 90%-дан астамы этникалық ұйғырлар, негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Дәл осы өңірде Қытай билігі аз ұлттарға қатысты қатаң саясат ұстанатыны туралы ақпараттар бар екені белгілі.
Журналистерді Қашқардың кәсіптік-техникалық орталығына («саяси тәрбиелеу лагері») да әкелді. Бұл орталық туралы әңгіме интернетте көп таралған, бірақ дәл осыған шетелдік БАҚ өкілдерінің табаны әлі тимеген.
Мұнда 2 мың адам бар, басым көпшілігі Қашқардың 20-40 жас аралығындағы ұйғырлар екен. Жасы қырықтан асқандар бар, бірақ аз. Үштен екісі ер азаматтар. Орталық әкімшілік өкілдерінің мәлімдеуінше, бұл тек Оңтүстік Шыңжаңда ғана емес, бүкіл ШҰАӨ аумағындағы ең ірі мекеме. Орталық 2017 жылдың аяғында құрылыпты. Қазірге дейін мұнда шамамен мыңға жуық адам оқып шыққан.
Жалпы, Қашқар округінде мұндай 11 орталық бар, Тасқорған-Тәжік автономиялық уезінде ғана жоқ. Қытай билігі орталықтарды ашудағы мақсат мемлекеттік (қытай) тілді, ҚХР заңнамасын үйретіп, жұмысшы мамандықтарына оқыту екенін айтады. Олардың пікірінше, осындай шаралар адамдарды діни-экстремистік ағымдар жетегінде кетудің алдын алады.
Шетелдік журналистерді үлгі ретінде алынған оқу үдерісімен: қытай тілі, Қытай заңнамасы, денешынықтыру және өнер (ән және би) сабақтарымен таныстырды.
Журналистермен бірге еріп жүрген жергілікті билік өкілдерінің алдында орталық тәрбиеленушілері осы мекемеге қалай тап болғанын да айтып берді. Олардың көпшілігінің оқиғалары бір-бірімен ұқсас болып шықты.
«Мен Қытайдың заңын бұздым - діни экстремизм идеяларының ықпалына түстім, діни-экстремистік мазмұндағы видеоларды өзім көріп, достарыма да тараттым. Ал мұнда қазір тігіншілікті үйреніп жатырмын. Біз аптасына бір рет үйімізге барып, туыстарымызбен жүздесіп қайтамыз», - дейді 25 жастағы Тұрдыгүл есімді ұйғыр қызы.
Тағы бір тәрбиеленуші Білікқыздың айтуынша, оқу орталығында ғибадат жасауға тыйым салынған, бірақ демалыс күндері қалаға шыққанда оған рұқсат етіледі екен.
«Мен мұнда 2018 жылдың қаңтарында түстім. Қытай тілін, заңдарды үйреніп, мамандық меңгерген соң, бұл жерден диплом алып шығамын. Бізге мұнда халал тағамнан береді, апта сайын - сенбі күні таңертеңнен жексенбі күні кешке дейін қалаға, туыстарымызға барып қайтуымызға болады. Оқуды бітіріп, тігінші болып, бизнес ашуды жоспарлап отырмын», - дейді ол журналистерге берген сұхбатында.
«Мен мұнда оқып жатқаныма 11 ай болды, діни-экстремистік идеологияның ықпалына түстім, сондай уағыздарды оқып, достарыма тараттым. Мен жергілікті тұрғынмын, тұрмыстағы әйелмін, кішкентай қызым бар. Оған күйеуім Акбар мен туыстарым қарап отыр. Күйеуім такси жүргізеді. Бақытыма орай, апта сайын демалыс күндері отбасыма барып қайтамын. Оқуды бітірген соң, тігін шеберханасын ашамын деп отырмын», - дейді 24 жастағы Гүлнигар.
Тігін цехындағы қыздар күн тәртібін де айтып берді: 8-де тұрады, түскі 12-де сабақ аяқталады. Одан кейінгі бос уақытта түрлі үйірмелерге қатысуға, теледидар қарауға болады.
Ерлердің жатақханасында бір бөлмеде 6 адам тұрады. Қолжуғыш пен унитаз кішкентай керменің артында. Дәлізде стационарлық қалалық телефон бар, оқудан бос кезде одан үйге қоңырау шалуға рұқсат етілген. Ұялы телефондарға тыйым салынған.
Әкімшілік өкілдерінің айтуынша, асханада күніне үш мезгіл тамақ беріледі.
Тәрбиеленушінің бірі Усманжанның айтуынша, кәсіптік-техникалық орталықта оқуды оған, дәстүрлі емес ислам идеяларының ықпалына түсе бастағанын байқаған орталық қызметкері ұсыныпты. Ол қызметкер Усманжанның ауылдасы екен.
Қашқар маңындағы Нәзірбек ауылы
Кәсіптік-техникалық орталықтан соң журналистерге Қашқар маңында орналасқан Нәзірбек ауылындағы балабақша көрсетілді. Мұнда да жаттығулар екі тілде өтеді. Әр топта екі тәрбиешіден бар: бірі ұйғыр, бірі қытай өкілі. Тәрбие екі тілде қатар жүреді. Балалар шетелдік журналистердің алдында би билеп, ән айтып берді.
Бізді аз ұлт отбасыларына мерзім сайын этникалық қытайлардың барып тұратыны туралы мәселе қызықтырған болатын. Бұл БАҚ-та да талай талқыланған. Бұндай шешім қабылдауға не себеп?
Осы сұраққа байланысты тілшілерді Мұхаббат Мәметтің үйіне алып барды. Оның отбасы «Отбасын қалыптастыру» бағдарламасына енген екен. Бұл үйге ҚКП жергілікті партия бөлімінің хатшысы Чжан Цзи бекітілген. Оның міндеті - отбасына ылғи келіп тұру, компартия және үкіметтің шешімдеріне қатысты нұсқау жұмыстарын өткізу. Бұдан тыс, партия шенеунігі қытай тілі үйрену мен ҚХР заңдарын білуге көмектеседі. Чжан Цзидің өзі Мұхаббат Мәметті ағам деп сыйлайтынын, оның отбасымен жақын болып қалғанын айтады.
«Отбасын қалыптастыру» бағдарламасы Шыңжаңның барлық аймағында жүргізіледі. Қытай билігі өкілдерінің айтуынша, бағдарлама ұлтаралық қатынастарды үйлесімді дамытуға бағытталған. Мұхаббат Мәметтің өзі отбасына қатысты жасалып жатқан мұндай қамқорлық туралы ләм-мим демей, үнсіз отыра берді.
Хотан округінің Моюй уезіндегі кәсіптік-техникалық орталығы
Қашқардан кейін шетелдік журналистерді ШҰАӨ оңтүстік-шығысына - Хотан қаласына апарды. Онда Хотандағы ең ірі мешіт әрі ұйғыр сәулет өнерінің нағыз үлгісі Цзямань мешіті көрсетілді. Мешіт Цин династиясының императоры Гуансюй тұсында (1875 ж.) салынған. Осыған дейінгі екі қаладағы секілді мұнда да мешіт молдасы журналистерге партия мен үкіметтің ешқандай да қысым жасамағанын айтты.
Келесі күні таңертең Қытай билігі шетелдік БАҚ өкілдерін Хотан округі Моюй уезінің кәсіптік-техникалық орталығына апарып, ондағы тәрбиеленушілердің демалыс күндері сыртқа қыдырып шыға алатынын көрсетті. Таңғы 8:30-да заттары салынған сөмке, дорбаларын асынған жастар екі автобусқа отырған бойы «тәрбиелеу лагерінен» шығып кетті.
Мұнда мыңға жуық адам бар, соның 90%-ы - ерлер. Оларға 135 адам сабақ өткізеді, соның 124-і (91,8%) ұйғыр, 11-і қытайлар. Журналистерге орталықтың ішіндегі тыныс-тіршілік те көрсетілді: тәрбиеленушілердің бірі ән айтып, би билеп жүр, енді біреулері сурет салып отыр. Кітапхана, үстел теннисі, бильярд ойнайтын бөлмелер де бар.
Мекеменің екінші қабатында кәсіптік дайындық аясындағы сабақтар өтіп жатты - ерлер ас әзірлеп, әйелдер дастархан жайып жүр.
«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі болашақ аспаздың бірі Әміржан Бәкірден неліктен оны демалыс күні үйіне жібермегенін сұрады. Ол өзіне келесі аптада қалаға шығуына рұқсат етілетінін айтып, неліктен өз еркімен орталықта қалғанын түсіндіре бастады.
«Мен бұл орталыққа өз қалауыммен келдім, өйткені қытай тілін нашар білемін, сосын арнайы мамандығым да жоқ, сондықтан мен экстремистік идеологияның ықпалына түстім. Оның үстіне мұнда бәрі тегін», - дейді Әміржан Бәкір. Оның сөздерін журналистерді ертіп жүрген тұлғалар бас изеп мақұлдап тұрды.
«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі әкімшілік өкілі Махмұт Омардан орталық тәрбиеленушілеріне күш көрсету, мәжбүрлеу шаралары қолданыла ма, жоқ па деп сұрады. Әрине, шенеунік ондайды жоққа шығарды.
«Зорлық-зомбылық, күш көрсету фактілерін көрген емеспін, бұл жерде жеке қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Мен орталыққа өз қалауыммен білім алу үшін келдім», - деді тәрбиеленуші Шәмшия Әлім қазақстандық журналиске. Ол күн сайын жуынуға мүмкіндігі барын, киімдерін кір жуу бөлмесінде жуатынын айтты.
«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі орталықтағы адамдардың еркін жүріп-тұру жайын сұрастырды. Оған Хотан округінің партия хатшысы жауап беріп, тәрбиеленушілер демалыс күндері қалаға шыға алатынын, ал басқа күндері тек себеп болғанда ғана (туыстарының ауру-сырқауы, қазасы, той-томалақ, т.б.) рұқсат етілетінін айтты.
Хотан уезінің кәсіптік-техникалық орталығы
Бұл орталықтың да алдындағылардан еш айырмашылығы жоқ. Мұнда 400-ден астам адам бар. Тағы да журналистерге би, қытай тілі, денешынықтыру, орман ісі теориясы сабақтарын, шаштараз, даяшы, маникюр шебері мамандықтары бойынша жаттығуларды көрсетті.
Қытай тілі пәнінің ашық сабақ тақырыбы: «Бақыт дегеніміз не?». Тәрбиеленуші қыздардың бірі қытай тілінде «бақыт дегеніміз - мүмкіндігінше көбірек білім алу» деп жауап берді.Оқытушының айтуынша, қытай тілін меңгеру деңгейі орталықта болу мерзіміне байланысты.
Орталықтың бірнеше тәрбиеленушісінің (Нұрмәмет Розмәмет, Пазылат Үбіл, т.б.) айтқаны да басқа орталықтағылардың сөзімен ұқсас. Бәрі де «экстремизм ағымына түскенін», қытай тілін, заңдарды үйреніп, ақша табу үшін кәдеге жарайтын мамандықты меңгеріп барып, үйіне қайтқысы келетінін қайталай береді.
Билік өкілдерінің орталықтардың бәрі білім мекемелері деп сендіруіне қарамастан, Хотандағы орталықты полиция күзетеді екен. Мекемеден шығар жерде қоғамдық қауіпсіздік басқармасының учаскесі орналасқаны да осының дәлелі.
ШҰАӨ басшылығының түсіндірмесі
Үрімжіге оралған журналистермен ШҰАӨ халық үкіметінің төрағасы Шохрат Зәкір, ШҰАӨ партиялық комитетінің саяси-заңнама комиссиясының хатшысы Чжу Хайлунь және Үрімжі қаласының партия хатшысы Сюй Хайжун кездесті. Ш. Зәкірдің сөзінен үзінді келтірейік.
«ШҰАӨ кедей аудандарындағы халық арасында діни-экстремистік сипаттағы көңіл күй байқала бастады. Ал интернеттің дамуы адамдардың өміріне жайлы жағдай жасаумен қатар, терроризм мен экстремизмнің таралуына да мүмкіндік берді. Бұл бүгінде күллі әлемге әйгілі оқиғаларға әкеп соқтырды. Солардың бірі 2009 жылдың 5 шілдесінде Үрімжі қаласында болды. Біз осы мәселені көп жыл бойы зерттедік. ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің өзі Шыңжаңға жасаған сапарлары және сарапшылармен талқылау барысында осы мәселені зерделеді. Соның нәтижесінде біз екі шара қолдануға шешім қабылдадық: бір жағынан, қатаң түрде терроризмнің жолын кесіп, қоғамды қорғау, екінші жағынан, адамдарды жұмыс істеуге, білім алып, мәдениет дейгейін көтеруге ынталандыру. Кәсіптік-техникалық орталықтар осы мақсатқа құрылған. Олардың алдына 4 мақсат қойылған: заңдарды, қытай тілін үйрету, мамандыққа оқыту, қазіргі қоғамның жағдайына бейімделу үшін мәдениетін көтеру. Сонымен қатар қоғамды мемлекеттік басқару үдерісінде алуан түрлі пікірлер туындауы мүмкін», - дейді ШҰАӨ төрағасы.
Дегенмен ол «ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің ШҰАӨ аумағындағы кәсіптік-техникалық орталықтардың нақты саны, онда қанша адам бар екендігі туралы сұрақтарына жауап беруге қиналды. Тек Ш. Зәкір қайта тәрбиеленіп жатқан азаматтар Шыңжаңның солтүстігіне қарағанда оңтүстігінде әлдеқайда көп екенін айтты. Қытай билігі бұл факторды тұрғындардың білім деңгейінің әртүрлі екендігімен түсіндіреді. Жоғары лауазымды шенеунік, басқа өңірлерде, соның ішінде Ганьсу провинциясында мұндай орталықтар жоқ екенін айтты.
Reuters тілшісі ШҰАӨ-дегі жағдаймен танысу үшін БҰҰ мамандарын шақыру мүмкіндігі туралы сұрады. Шохрат Зәкір оған Қытай БҰҰ мүшесі әрі адам құқықтарын сақтау және қорғау бойынша үлгілі елге айналуға ниетті деп жауап берді. Сондықтан БҰҰ мамандары жағдайға шынайы баға беру үшін Шыңжаңға келуін қолдайды.
«Сонымен қатар ондай нәрсенің ШҰАӨ-дегі бейбітшілік пен тұрақтылықты бұзу мақсатында пайдаланылмайтынына үміт артамыз», - деді Ш. Зәкір.
«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі мүмкіндікті пайдалана отырып, ШҰАӨ басшылығынан Іле-Қазақ автономиялық облысындағы кәсіптік-техникалық орталықтарға апаруын сұрады. ШҰАӨ партия комитетінің өкілдері осы мәселені қарастырып, алдағы уақытта осындай пресс-тур ұйымдастыруға уәде етті. Мұндай мүмкіндіктің туатынына үміттіміз. Қазақстан қоғамын екі ел арасындағы ынтымақтастық көпіріне айналған Қытайдағы этникалық қазақтардың тағдыры да толғандырады. Бүгінгі күні көршілес екі мемлекеттің сыртқы саясат ведомстволары арасында сындарлы диалог жүргізілуде. Осы жұмыстың нәтижесінде 2018 жылдың 9 айында 2,5 мыңнан астам этникалық қазақ Қытайдан Қазақстанға келу мүмкіндігін алды.
Айта кетейік, 2018 жылғы желтоқсанның аяғында ҚХР СІМ 12 елдің: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан, Малайзия, Индонезия, Кувейт және Тайланд елшіліктерінің Қытайда аккредиттелген дипломаттары үшін Қашқар мен Хотандағы кәсіптік-техникалық орталықтарға сапар ұйымдастырған болатын.
Авторы: Садық Әкежанов