18:29, 05 Қыркүйек 2017 | GMT +5
ЭКСПО-2017: 11 жасар ақмолалық оқушы әлем рекордын орнатты
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде 11 жасар ақмолалық Әмір Махмет шөлмектердің үстінде 53 жаттығу жасап, жаңа әлем рекордын орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Кеудені жерден көтеру спорты бойынша Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына бес рет енген, сондай-ақ денені бірқалыпта ұстау бойынша әлемдік рекордшы атағының иегері Әмірдің бұл жолғы жетістігін Қазақстанның рекордтар кітабының өкілі Шыңғыс Құдайбергенов тіркеді.
Әмір өзінің бұл жолғы рекордын білім күніне арнады. Өзі сияқты барлық оқушыларды жақсы оқуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Айта кетейік, Әмір аты аңызға айналған балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың елі Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қажымұқан ауылында тұрады.