ЭКСПО-2017 аясында «Цирк Дю Солей» шоуы өтеді

Исекешевтің айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесі аясында әлемдік эстрада жұлдыздарының концерті, халықаралық спорттық жарыстар мен чемпионаттар, сонымен қатар конгрестер мен фестивальдер ұйымдастырылатын болады.
«Мәселен, «Цирк Дю Солей» шоуы, Көне Мысырдың археологиялық заттар көрмесі, Мариинский, Ла Скала театрларының гастролі, «Опералия Пласидо Доминго» опера әншілерінің халықаралық байқауы, Дж.Вердидің «Аида» операсы, Каратэ шинкиокушинкайдан, ММА аралас жекпе-жек өнерінен әлем чемпионаты өтеді», - деді Әсет Исекешев.
Айта кетерлігі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі ағымдағы жылдың 10 маусымында басталып, 10 қыркүйекте аяқталатын болады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Олар көрмені кемінде 2 рет аралайды деп жоспарланған.
Жалпы көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдіктердің басым бөлігін ТМД елдерінің және Қытайдың азаматтары құрайды деп күтілуде. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растап отыр.