ЭКСПО-2017 «FourЭ» фестивалінде жарық шоуын ұсынады

Бұл шоуда заманауи балет және 3D mapping технологиясының элементтері қамтылады, ол проекциялық жазықтықта кез-келген көріністі бейнелеуге және сол арқылы ғажайып визуалдық иллюзияларды көрсетуге мүмкіндік береді.
Шоудың негізгі идеясы - әрбір адамның ішкі энергиясының қалай туындайтынын бейнелеу. Көріністе Энергия әлемі, Тіршілік үшін қажетті энергия, Барлығы үшін энергия және Менің болашақ энергиям сынды 4 тақырып ашылады.
Айта кетейік, «FourЭ» эко-этнофестивалі жыл сайын open air форматында ұйымдастырылады, биыл ол 22-24 тамызда Алматы қаласының маңында Іле Алатауының бөктерінде өтеді. Өткен жылдан бастап фестиваль Астана ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің қолдауымен өткізілуде.
Үш күн бойы фестиваль аумағында отандық және шетелдік музыка және би ұжымдары өнер көрсетіп, заманауи өнер және дәстүрлі қолөнер көрмелері, йога, фитнес және би бойынша 100-ден астам шеберлік сыныптары өткізіледі.
FourЭ фестивалі денсаулық және экология мәселелеріне бей-жай қарамайтын, жан-жақты дамуға және шығармашылыққа ұмтылатын жандардың басын қоспақ, деп хабарлайды ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ресми сайты.