«ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінен түсетін табыс 300 млн. еуродан асады

«Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуден бюджетке табыс түседі. Атап айтқанда, демеушілерден, көрмеге билеттер сатудан, тамақтану мен басқа да қызмет түрлерін көрсетуден түсетін табыс 300 млн. еуроға бағаланып отыр», - деді сенатор О. Перепечина. Оның айтуынша, Астанада өтетін халықаралық ауқымдағы шара отандық туристік кластердің дамуына да ықпал ететін болады.
Айта кетейік, бүгін Парламент «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар беру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады. Аталған құжат негізінен «Болашақ энергиясы» тақырыбымен 2017 жылы Астанада өтетін Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылар үшін жағымды ахуал қалыптастыруға бағытталады. Келісім негізінен елімізде өтетін көрмеге қатысушыларды ынталандыру мақсатында ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар ұсыну үшін құқықтық негіз жасайды.
«Бұған дейінгі дүниежүзілік мамандандырылған көрмелерден ерекшелігі Қазақстан бұл келісім аясында тек ресми қатысушыларға ғана емес, сонымен бірге оларды отбасы мүшелеріне де жеңілдіктер мен преференциялар ұсынып отыр», - деді О.Перепечина.