«ЭКСПО-2017»: Қазақстанның ұтары көп

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның әлемдік аренадағы қуатын айқындайтын «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің елімізді дамытуға тигізер пайдалы тұстары өте көп. Осы орайда «ЭКСПО-2017» көрмесінің он артықшылығына тоқталып өтейік.
None
None

Біріншіден, бұл - әлемдік мегажоба. Ғылым мен техника, мәдениет пен өнер жаңалықтарының жаршысы болатын «ЭКСПО-2017» көрмесі Қазақстанның барлық саладағы жеткен жетістіктерін әлем алдында паш ететін  көрме болмақ.

Екіншіден, Астананың айбынын арттырады. Көрмеге әлемнің әр түкпірінен келетін қонақтарға сапалы сервис  ұсыну үшін қаланың инфрақұрылымы  жақсарады. Астанамыздың логистика жүйесі реттеліп, қауіпсіздігі артады  және туризм дамитыны сөзсіз. Бір ғана мысал, ірі жобалар қатарына енгізілген Астана халық­аралық әуежайының жаңа терминалы салынып біткен соң,  әуежай жылына 7 млн. жолаушы қабылдай алады. Жаңа терминалдың сызбасына сай, ғимараттың жалпы аумағы 40 мың шаршы метрді құрайды. 25 тіркеу орны жұмыс жасап, 3 конвейер жүк беру қызметін  атқарады. Мұнда көші-қон мәселесі бойынша 24 жерден ақпарат алуға мүмкіндік туады. Терминал құрылысы 2017 жылдың наурызында аяқталады. Ал алдағы жылы сыртқы және ішкі құрылысты аяқтап, әуежайдың ұшу-қону жолақтарын, ұшақ тұрақтарын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Астана әуежайының жолаушылар терминалын қалпына келтіру жұмыстары барысында 1000 адам еңбекке жұмылдырылса, пайдалану кезеңінде 400 жаңа жұмыс орны ашылады.

Үшіншіден, ЭКСПО аяқталысымен көрме ғимараттары халықтың пайдалануына беріледі. Бұл көрме Астананы  халықаралық қаржы орталығына айналдырады.  Бұл ретте Астана қаржы орталығына абсымдық беріледі. Және де Астана қаржылық орталығында Дубай мен Гонконг тәжірибесі қолданылады.  Ғимараттардың бiр бөлiгi Назарбаев университетiне берiледi, бiр бөлiгi бiздiң елде тапшы болып отырған ғылыми орталықтарды құруға және ғылыми кешендердi орналастыруға қолданылады. Қазіргі кезде 87 ел және 15 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын растаған.

Көрме тақырыбын ашатын тақырыптық нысанның бірі «Үздік тәжірибелер аймағы» павильоны болмақ. Бұл аймақта қатысушылар энергетика саласындағы жетістіктерін көрсетіп қана қоймай, технологияларды,  стратегиялар мен жобаларды ілгерілету тұрғысында пікірлер және тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады деп жоспарланып отыр.

Қазақстан павильонын кейіннен Болашақтың музейінің негізі ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін көрме контентінің сапалы болуы үшін халықаралық тәжірибені қолдану маңызды.

Төртіншіден, бұл көрменің басты тақырыбы «Болашақ энергиясы» болғандықтан, қазіргі таңда Қазақстанда энергияны үнемдеу саласындағы мемлекеттік саясат сәтті жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары, ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев былай дейді:  «ЭКСПО-2017» көрмесінің мемлекеттік деңгейдегі пайдасы - ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық әсері және Қазақстанның жасыл экономикаға өту жоспарына қуатты серпін беруі».

Бесіншіден, отандық кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді. Қазір құрылыс жұмыстарына орай еліміздің 10 өңірімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Нәтижесінде 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған 220 отандық кәсіпорын құрылысқа тартылып, 30 миллиард теңгенің өнімі жеткізілген.

Сонымен бірге мейрамханалар мен қонақүйлер салынып, онда он мыңға жуық адам жұмысқа тартылады.

Алтыншыдан, бұл Қазақстан өркениеті мен қазақ мәдениетін әлемге көрсететін имидждік жоба. Бурабай, Медеу, Шымбұлақ секілді туристік орындарымызды жарнамалауға мүмкіндік туындайды. Жалпы алғанда, Қазақстанға деген шетелдіктердің қызығушылығы артады. Көрме өтетін күндері елордада түрлі фестивальдер, концерттік бағдарламалар, халықаралық жарыстар, спорттық шаралар мен бизнес-форумдар өткізу көзделген.  Бұл бірінші кезекте өз мәдениетімізді, тұрмыс-салтымызды  көрсететін шаралар болмақ.

Жетіншіден, ЭКСПО - инвестиция көзі. «ЭКСПО-2017» ел бюджеті үшін шығын деп ойламай, инвестиция ретінде қарауымыз керек. Әлемдік тәжірибе мен болжамдар бойынша, мұндай шараға 50 млн-ға дейін адам қатысады.    

Сегізіншіден, әлемдік технологияларды меңгеретін боламыз. Көрмеге келген   ЭКСПО-ға мүше барлық елдер (160 мемлекет) тақырыпқа сай өз өнімдерін тарту етеді. Біз олардан әлемдік озық технологиялар қай бағытта дамып отырғанын аңғарып, өзімізге керегін үйренеміз.

Тоғызыншыдан, көрме ел азаматтарының, әсіресе жастардың әлеуетін арттырады. Әлемдік жоба аясында тіл білетін, ғаламдық ойлау қабілеті бар азаматтар үшін дамуға, кемелденуге үлкен мүмкіндік туындайды. Себебі, көрме барысында іскерлік жұмыстар ағылшын тілінде жүргізіліп, әлемдік озық технологиялар пайдаланылады.  

Оныншыдан, бұл - тарихта қалатын жоба. Бар болғаны ширек ғасырлық тарихы бар жас мемлекет әлемдік ауқымды жобаны атқарып жатса, бүгінгі буынға зор мәртебе, келесі ұрпағымызға үлкен мақтаныш болар еді.

Сондықтан, ЭКСПО көрмесінен ұтарымыз көп.

 

 

Соңғы жаңалықтар