11:42, 15 Ақпан 2016 | GMT +5
ЭКСПО-2017 көрмесіне ресми қатысушыларға жеңілдіктер ұсынылады - Сенат
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Онда «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды.

Аталған құжат негізінен «Болашақ энергиясы» тақырыбымен 2017 жылы астанада өтетін Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылар үшін жағымды ахуал қалыптастыруға бағытталады. Келісім негізінен елімізде өтетін көрмеге қатысушыларды ынталандыру мақсатында ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар ұсыну үшін құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталады. Құжатты қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаражаттарды талап етпейді. Сонымен қатар, еліміз үшін жағымсыз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға соқтырмайды.
Заң жобасы палатаның алдағы уақытта өтетін жалпы отырысына шығарылатын болады.