ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуы қарсаңында Астана-Павлодар жолы тапсырылады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - «Орталық-Шығыс» жолының бөлігі болып табылатын Астана - Павлодар бағытындағы халықаралық маңызы бар жолдың бір тармағын ЭКСПО-2017 көрмесінің қарсаңында қолдануға тапсыру көзделіп отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде халықаралық көрмеге дайындық барысы туралы өткен кеңесте мәлім болды.
None
None

ЭКСПО көрмесіне қарай жөнделуі тиіс жолдың бір тармағы Қалқаман - Баянауыл - Үміткер елді мекендерін байланыстырады.

«Қазіргі кезде бұл жобаны қайта құру жоспарына енгізу үшін оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр, - деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов. - Бұл жол туралы шешім осы жылдың аяғына дейін қабылданатын болады».

Аймақ басшысы Болат Бақауов атап өткендей халықаралық көрмеге дайындық шеңберінде жолдардың жағдайына ғана емес, жол бойындағы қызмет ошақтарына да көңіл бөлу қажет. Болат Бақауовтың пікірінше ЭКСПО-2017 туристік маршруттарының бойындағы барлық дәмханалар мен қонақ үйлерді қалыпқа келтіру қажет. Осыған байланысты ол жергілікті әкімдерге барлық нысандарды аралап, аталмыш мәселені бақылауға алуды тапсырды.    

 «Сонымен бірге, облысымыздағы барлық мұражайларды аудиогидтермен қамтамасыз ету керек», - деді әкім. 

ЭКСПО-2017 көрмесінің өңірлік маршруттарында туристік көрсеткіштер, үш тілдегі ақпараттық стендтер, билбордтар орнату, автотұрақтар мен биодәретханаларды құру мәселесі басты назарда тұр.  

 

 

Соңғы жаңалықтар