ЭКСПО-2017 көрмесінің билет бағалары белгілі болды
Енді билеттерді тек ресми сайттан ғана емес, сондай-ақ кассалардан тікелей сатып алуға болады. Билеттер құны әртүрлі. Айталық, жұмыс күндері белгілі бір нақты күні кіруге арналған билетінің бағасы 4000 теңге, демалыс күні - 6000 теңгені құрайды. Күні белгіленбеген, яғни ашық даталы билет 2000 теңгеге қымбат болады. Студенттер, оқушылар, көп балалы аналар және жеңілдік санатына кіретін басқа да қазақстандықтар ЭКСПО-2017 көрмесіне 50 пайыз жеңілдікпен кіре алады. Ал соғыс ардагерлеріне, алты жасқа дейінгі балаларға, жетім балаларға, барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға - билет тегін. Аталған әлеуметтік топтарға арналған жеңілдік шарттары Көрмені өткізу кезеңінде ғана қолданылады.
«ЭКСПО-2017» билеттерді сату стратегиясы белгілі бір кезеңдерге негізделген. 10 маусымда онлайн-сату, 10 шілдеде туроператорлар үшін ЭКСПО көрмесіне билеттерді сату, 10 тамызда - реселлерлер үшін, ал 1 қыркүйекте субагенттік желі арқылы билеттерді сату басталды. Қазір билеттерді «Қазпошта» бөлімшелерінен, Қазақстанның барлық өңірлеріндегі Marwin/Меломан дүкен желілерінен және сауда-ойын-сауық орталықтарынан, сондай-ақ, Астана және Алматыдағы көрменің ресми билет кассаларынан алуға болады. 10 наурыздан бастап кассалар елдің барлық 14 өңірінде жұмыс жасай бастайды.
Ресми офлайн-сатудың ашылу рәсімі барысында касса келушілеріне арнайы сыйлықтар дайындалды. Алдағы Көрме кассаларының ашылуына Астана мен Алматыда танымал кісілер болды. ЭКСПО-2017 елшілері олимпиада чемпионы Александр Винокуров пен қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов, сондай-ақ белгілі қазақстандық актер мен әншілер келді. Олар билет сатып алып, жанкүйерлеріне қолтаңба таратып, арнайы сұхбат берді.