ЭКСПО-2017: Миллионыншы келуші тіркелді

Бақытты билетті елордамыздағы №76 мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі Гүлжихан Жаңабергенова «Керуен» сауда үйінен сатып алыпты. Ол көрмеге екі жасар қызымен және күйеуімен бірге келген.
«Құттықтаулардың бәріне рахмет айтамын! Көрменің миллионыншы келушісі болатынымды білген жоқпын! Нөмірі 137-ші бақытты билетті «Керуеннен» сатып алған едім. Әрине, біз көрмені ең алдымен «Нұр-Әлем» павильонынан бастап аралаймыз»,- деп қуанышымен бөлісті Гүлжихан Жаңабергенова.
«Астана ЭКСПО-2017» АҚ-ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов миллионыншы келушіні өзі құттықтап, Samsung фирмасының планшетін, PowerBank қуаттағыш құрылғысын, ЭКСПО-ның логотипі бейнеленген қалам мен блокнотты және көрмені шексіз аралауға мүмкіндік беретін абонементті тарту етті. Гүлжиханның екі жасар қызына ЭКСПО-ның символы бар кәдесыйлық ойыншықтар сыйлады.
«Сізді миллионыншы билетті сатып алған келуші атануыңызбен құттықтаймын! Көрмеде уақытты жақсы өткізуіңізге тілектеспін! Көрменің үш айында біз екі миллион адам келеді деп болжаған едік. Бірақ, бір ай уақыт өткенде миллионыншы келушіні күтіп алдық. Өткен аптада бір ғана жұма күні біз 66 мың адамның келгенін тіркедік. Бұл - өте жақсы көрсеткіш. Күн сайын халықтың көрмеге деген қызығушылығы арта түскенін атап айтқым келеді»,- деді Ахметжан Есімов.
Жалпы алғанда, бір айдың ішінде ЭКСПО-2017 көрмесіне 1 миллион 800 мың билет сатылды. Көп ұзамай билеттердің жаңа нұсқасы пайда болады. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» АҚ-ның коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркімбеков хабарлады. «1-10 шілде аралығында бізде қосымша акциялар өткізіліп, билеттердің жаңа түрі енгізілді. Мысалы, кешкі билет сатылды. Яғни, кешкі сағат 18.30.-дан көрмеге жабылғанға дейін сатып алған билетіңіз арзанға түседі. Атап айтсақ, 25,5 мың адам осы кешкі билеттерді сатып алған. Сондай-ақ, 3+1 акциясы бойынша да билеттер саттық. Яғни, 3 билет сатып алсаңыз, төртіншісі тегін беріледі. 14,5 мың адам осындай жеңілдікпен билет сатып алды. «Жастар тарифі» деген де жеңілдік енгізілді. Демалыс күндері 17 жасқа толмаған балаларға тегін кіруге мүмкіндік бар, бұл тарифтің қызметін 50 мыңнан астам адам пайдаланды»,-деп мәлімдеді Дәулет Еркімбеков.
Оның айтуынша, алдағы уақытта билеттердің жаңа түрлері пайда болады. «Біз қазір бірқатар қосымша билеттік өнімдер шығаруды ойластырып жатырмыз. Ол туралы кейінірек хабарлаймыз. Ал, бүгінге дейін 1 миллион 800 мыңға жуық билеттер сатылды»,-деп сөзін түйіндеді Дәулет Еркімбеков.
«Астана ЭКСПО-2017» АҚ-ның контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаров ЭКСПО-2017 көрмесінде шілде айы би мен шоуға арналатынын хабарлады. «Шілде айы би мен шоуға толы болады. Өйткені, біз әлемдік рейтингке кіретін үш диджейді шақырдық. Олар - Afrojack, Axwell және Steve Aoki. 11 шілде күні амфитеатрдың сахнасында DJ Afrojack-тың би сессияларын бастаймыз. Сондай-ақ, 11-13 шілде аралығында Құрманғазы оркестрінің концерті өтеді»,- деді Марат Омаров.