«ЭКСПО-2017»-ні тамашалап қайтуға Павлодар облысынан 100 мың адам барады
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында айтылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде Астана қаласына павлодарлықтар да баруы тиіс. Оның ішінде әлеуметтік әлсіз топтарға жататын азаматтар да ескеріліп, назардан тыс қалмауы қажет. Сонымен қатар, Экспоға дайындық жұмыстарына бар күшімізді салуға тиіспіз. Халықаралық көрмеге дайындық жұмыстары аясында «Центр - Восток» автобанының бір бөлігі болып табылатын Астана - Павлодар тас жолы көрме басталғанға дейін тапсырылуы тиіс. Сондай-ақ, туристік нысандарға апаратын жолдар жиегіндегі қызмет көрсету орындары - дәмханалар мен қонақүйлерді талапқа сай ретке келтіру керек, мұражайларда аудиогид, үштілді билбордтарды әзірлеу сияқты жұмыстарды жеделдетіп іске асыру керек», - деді облыс әкімі Болат Бақауов.
Бұдан басқа, аймақ басшысы көп кешікпей Қалқаман - Баянауыл - Үміткер жол бөлігін жөндеу жұмыстары да басталуы тиіс екенін тілге тиек етті. «ЭКСПО-2017» аясында келушілерге негізгі бес туристік бағыттар айқындалып, бекітілген, олар: бір және екі күндік «Баянауыл аңыздары», Шарбақты ауданындағы Ғабдұлуахит хазірет кесенесі бағыты, Лебяжі ауданындағы «Тотал Сервис» демалыс орны және Павлодар қаласы бойынша экскурсия. Айта кетерлігі, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне 10 маусымнан бастап онлайн билеттер сатыла бастаған.