«ЭКСПО-2017»-нің дайындық жұмыстарына көмектесуге Павлодардан 1,5 мың ерікті аттанбақ

деп хабарлады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында (авторы - Фарида Бықай).
«Сөйтіп, жуырда облыс орталығындағы Достық үйінде «EXPO Youth Team Pavlodar» жобасы таныстырылды. Енді облыстан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің дайындық жұмыстарына 1500 ерікті барады. Елімізде еріктілер штабын ұйымдастыруды алғаш рет павлодарлық жастар қолға алыпты. Облыста «еріктілер мектебі» ашылмақ. Яғни мектепке ниет білдірушілер тиісті оқытудан өтеді. Еріктілер қатарына 7-8 сынып оқушылары алынады. Олардың 70 пайызы ағылшынша, қалғаны неміс, француз, қытай және тағы басқа тілдерді меңгерулері қажет. Қазір топ құрамында 400-ге жуық жас бар, алдағы жылы «еріктілер мектебінде» 900 оқушы білім алады», - деп жазады мақала авторы.
Әлеуметтік-волонтерлік орталықтың өкілі Жанар Омарованың айтуынша, көптеген елдерде еріктілер желісі қалыптасқан. Тіпті, көрме өткен соң біздің елімізде де еріктілер тұрақты түрде жұмыс жасайды деген сенім бар. Астанада өтетін ғажайып көрме біздің жастар үшін «ерікті» ұғымының мән-мақсатын ашып, айшықтай түседі деген ой бар. Қазір олар шет тілі, еліміздің, әлем тарихы бойынша білімдерін жетілдіруді қолға алуда. Екіншіден, әлемге әйгілі көрмені ұйымдастыру барысында «Павлодар-Астана» төрт жолақты автодаңғылы салынады, «Тальго» атты жүрдек пойыз жолға шығады. Шетелден келетін қонақтардың сұлу Баянауылды, көмірлі Екібастұзды көргілері келер. Сонымен бірге, Ертіс өзеніндегі автомобиль көпірін қайта қалпына келтіру, басқа да жобалар қолға алынбақшы.