ЭКСПО-2017 нысандарын салуға қатысатын барлық ұйымдар салықтан босатылады - Е. Досаев

АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті.
None
None

Аталған заң жобасы бойынша бюджет кодексі аясында Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ұлттық компанияны жедел қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады. «Бұл ретте бюджеттен нысаналы трансферт ретінде Назарбаев Университетінің қаржыландырылуына ұқсас негізде қаражат бөлінетін болады. Бұндай өзгерістер егер қажет болған жағдайда арнайы қор түрінде құрылған коммерциялық емес ұйымға бюджеттен нысаналы төлемдер бөлуге мүмкіндік береді. Кейіннен бұл қор қаражаты 100 пайызға дейін «Астана ЭКСПО 2017» ұлттық компаниясына аударылады», - деді заң жобасымен таныстырған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев.

Оның айтуынша, аталмыш норма көмекші құрал ретінде қарастырылады. «Өйткені, 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасында ұлттық компанияны қаржыландыру мемлекеттік тапсырыс және жарғылық капиталды арттыру түрінде көзделген болатын», - дейді министр.

Бұдан бөлек, заң жобасымен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен көрменің құрылыс нысандарын салатын басқа да ұйымдардың барлығын салықтан босату көзделеді. «Салық кодексіне ұлттық компания мен басқа да ұйымдарды корпоративтік салық төлеуден, жер салығы мен мүлік салығынан босату туралы өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Мұндай өзгертулер негізінен ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу бойынша үміткер мемлекеттердің конкурсы барысында алынған міндеттемелерді орындауға қатысты қарастырылған», - дейді Ерболат Досаев.

Соңғы жаңалықтар