ЭКСПО: Африкалықтармен суретке түсуге ұзын-сонар кезек қалыптасуда

Фотоға түсемін деушілердің көптігі сонша, кейбір мемлекеттер фотоға түскені үшін айыппұлдың салынатыны туралы xабарламаларды да іліп қойған. Африка павильонында Эфиопия, ЮАР, Мадагаскар, Кения, Сьерра-Леоне және тағы басқа осы құрлықтың 21 мемлекеті орналасқан.
Бірқатар елдер фотоға түсуге тыйым салса да, Ганадан келген Анкома Боатенг барлық адамдармен естелік суретке түсуге тырысады. "Әрине, бір күннің ішінде шаршайсын. Фотоға түсу де оңай емес екен. Дегенмен, онсыз болмайды. Енді, бұл жақтағы адамдар біз сияқты қара нәсілді азаматтарды көп көрмейді. Оны да жақсы түсінеміз. Фотоға түсудің өзі адамдар арасында байланыс орнатуға себеп болады. Шыны керек, тіл жағынан қиындық бар", - дейді Боатенг.
Оның айтуынша, бұрын Батыс Африканың тұрғындары да басқа адамдарға таңырқап қарайтын. Қазіргі кезде әбден үйренді. Тіпті, кімнің қай жақтан келгенін де айыра алады.
Конголық Арлетт Джиенга Нзузу да суретке түсуден қашпайды. Алайда фотоға түсемін деушілерге өз елінің тауарларын ұсынады. "Менімен фотоға түскенді сұрайтындарға бірден "егер суретке түсемін десеңіздер, менен бір нәрсе сатып алуыңыз керек" деп айтатын болдым. Тауарлар қымбат емес. Бар болғаны мың теңге тұрады. Бұл - менің стратегиям, саясатым", - деп атап көрсетті Нзузу.