ЭКСПО - әлемге танылудың ең төте жолы - баспасөзге шолу
***
Жақында Мемлекет басшысы еліміздің мүмкіндіктерін бүкіл әлемге көрсетуге мүмкіндік беретін басты жоба «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің дайындығына тоқталу кезінде: «Құрылыс мәселелерімен қатар, басқа салаларда да мерзімінен кешігу байқалып отыр. Мысалы, арнайы комиссардың барына қарамастан, әлі де көрмеге қанша мемлекеттің қатысатыны белгісіз. Бізден кейін көрме өткізетін елдер белсенді ақпараттық жұмыс жүргізіп жатыр, бізде болса тым-тырыс. Келушілерге қандай жағдайдың жасалатыны туралы, көрменің табысының қандай болатыны жайлы, қанша демеушінің тартылып жатқаны туралы, қанша ішкі және шетел туристерінің болатыны жайлы, қандай мәдени іс-шаралардың өтетіні жайлы нақты түсінік жоқ», деген-ді. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «ЭКСПО - әлемге танылудың ең төте жолы» атты мақаласында жазады.
Расында да, бүкіләлемдік көрмені өткізу - қай елге болмасын үлкен сын. Бүгінгі мақаламызда осы бүкіләлемдік көрме туралы оқырмандарға біршама мәлімет бергенді жөн көрдік.
Алғашқы Бүкіләлемдік көрме 1851 жылы Лондонда ұйымдастырылған. Бес айдың ішінде оған 6 миллион адам қатысыпты. Одан бері халықаралық көрме 65 елде өткізілген. Америка Құрама Штаттарында жиырма рет, Париждің өзінде сегіз рет, Брюссельде төрт рет ұйымдастырылған. 1855 жылы Парижде өткен көрмеге бес миллион адам қатысыпты. Адамзат өркениетінің зор жетістігі - бу машиналары, автокөлік, қойылтылған сүт, телефон, мүгедектерге арналған протездер, компьютерлер, IMAX және басқа көптеген тауарлар алғаш рет осы ЭКСПО-да көрсетілген. 1889 жылғы Париж көрмесінің жетістігі - атақты Эйфель мұнарасының салынғаны. Сол мұнараға көрме күндерінің өзінде 2 миллион адам көтерілген. 1939 жылы Нью-Йоркте өткізілген Бүкіләлемдік көрмеде телеэкран алғаш рет ұсынылған. ЭКСПО-ны ашарда АҚШ Президенті Рузвельт бірінші болып телеэкранға шыққан. Ал 2005 жылы Жапонияның Айчи қаласында өткізілген көрменің ең әйгілі экспонаты Якутияның мәңгі мұз қабаттарында 18 мыңдай жыл бойы жатқан мамонт бассүйегі болған. Алғаш рет қазақстандық делегация қатысқан дүниежүзілік көрме - 1967 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен «ЭКСПО - 67». Оған 62 елден елу миллионнан аса адам қатысыпты. Монреальдағы совет павильонында 1967 жылы 10 шілдеде Қазақ КСРО күндері ашылған. Оған Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы С.Ниязбеков бастаған республика делегациясы қатысады.
Не десек те, ЭКСПО-ның 2017 жылы еліміздің Астанасында өтетіні зор мақтаныш. Алғаш рет Қазақстан делегациясы қатысқан ЭКСПО мен бұл ЭКСПО-ның арасын тұтас жарты ғасыр бөліп жатыр. «Елу жылда - ел жаңа» дегендей, қазір еліміз жаңарған, экономикамыз өскен, мол тәжірибе жинақталған. Әлем кеңістігінде біз қазір бұрынғыдай бір нәрсені сұраушы немесе үйренуші ретінде емес, өз орнын білетін, өз ісіне мықты, өз келешегін болжай білетін елміз, халықпыз. Тәуелсіз Қазақ мемлекеті болып қалыптастық. Қорымыз бүтін, қоржынымыз толы. Ендеше, ЭКСПО-2017 - елімізді әлемге тағы бір рет барынша айғақтар зор мүмкіндік, - дейді автор. Аталған басылымның « Интернет-бизнеске инвестиция тартуға мүмкіндік жоғары » деген тақырыптағы мақаласында елімізде ғаламтор арқылы өз бизнесін жүргізіп, отандық брендті танытамын дейтіндер үшін мүмкіндік жоғары делінген. «The Farm» инвестициялық компаниясы жүргізген зерттеу нәтижесі «Қазақстанда интернет арқылы өз кәсібін жүргізетіндер үшін бизнес-аудиторияның толық қалыптасқанын» көрсетті. - Біз Орталық Азия елдерінің ІТ саласына инвестицияны көбірек тартуды жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік желілерге қатысты зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйенсек, Facebook-ті жалпы, қазақстандықтардың 30 пайызы пайдаланады. Twitter-де 300 мың тіркелуші бар, ал Instagram-ға жазылушылардың саны бір айда 600 мыңнан асады. Демек, қазақстандықтардың интернет саласында бизнесін жүргізуге, брендін танытуы үшін қажет аудитория бар. Яғни мүмкіндік жоғары, деп атап өтті «The Farm» инвестициялық компанияның маркетинг және сауда жөніндегі директоры Анна Осипова.
Елімізде ғаламтор қызметі мен электронды жүйенің қарқынды дамуын, сондай-ақ халықтың цифрлық сауатының артып келе жатқанын Инвестициялар және даму министрлігі де жоққа шығармайды. Қазақстан БҰҰ-ның «Халық үшін электронды үкімет» рейтингінде 193-тің 28-орнына табан тіреген. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, бүгінде электронды үкімет халыққа 700-ден астам қызмет түрін ұсынады. 2012 жылдан бері барлық лицензия түрлері электронды түрде беріліп келеді. Мобильді қосымшалар арқылы азаматтарға Үкіметтің 50 қызмет түрі көрсетілсе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 100-ге жетеді деп жоспарланған. Бұдан бөлек, жыл сайын Халыққа қызмет көрсету орталығы көрсететін мемлекеттік қызмет түрлерінің саны артуда. ХҚКО бір жылдың ішінде халыққа 25 млн қызмет көрсеткен. Министрлік мемлекеттік органдардың ғаламтор арқылы қызмет көрсету қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен 2014 жылы 64,1 пайыз болған халықтың цифрлық сауатын арнайы дайындалған заң жобасы негізінде 2020 жылға қарай 80 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. *** Дін - адамзат тарихымен бірге өмір сүріп келе жатқан ең ежелгі құндылықтардың бірі. Адамзат қоғамындағы діннің рөлі мен маңызы тағдырдың ешбір тәлкегінде жоғалған емес. Мұның айғағын біз қоғамның бүгінге дейін ешбір дінсіз кезеңі болмағандығынан көреміз. Себебі, адам баласы үшін дін әлемді, қоршаған ортаны және өзін танудың ең тиімді құралы болды. Сондай-ақ, дін арқылы қоғам өміріндегі адами және моральдық қарым-қатынастар реттеліп отырды, деп жазады Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы, теолог Еркінбек Шохаев « Егемен Қазақстан » газетінің бүгінгі санындағы « Дінсіз адам болғанмен, дінсіз қоғам болмайды » деген мақаласында.
Оның жазуынша, қазіргі Қазақстанда діни және этностық татулық пен толеранттылық қалыптасады деп айтуға толық негіз бар. Демократиялық қоғам құру процесінде мемлекет пен діни бірлестіктердің қарым-қатынасы түбегейлі өзгерді. Қазіргі таңда елімізде мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастың тұрақты үлгісі қалыптасты. Ал бұл жетістікті дамыту мемлекет тарапынан да, азаматтық қоғам, оның ішінде діни бірлестіктер тарапынан да қажымас жұмысты қажет етеді. Елдегі діни сала мен діни ахуал тиісті тараптардың өзара әрекеттестігі негізінде үнемі зерделеп отыруды талап етеді. Қазақстандағы конфессияаралық қатынастардың негізін қалап отырған негізгі принциптер бар. Тәуелсіздік жылдарында мемлекетімізде діни мәселелерді реттейтін құқықтық негіз қалыптасты. Еліміздің Конституциясы мен заңдары сенім бостандығының қорғалуына кепіл болады, конфессияаралық, ұлтаралық және басқа да кез келген кемсітуге, қысым көрсетуге тыйым салады. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты органның құрылуы осының басты айғағы. Сондай-ақ, тек Дін істері басқармалары ғана емес, өңірлерде өткен жылы құрылған Терроризмге қарсы комиссиялардың шеңберінде мемлекеттік органдардың тарапынан тұрақты негізде діни тұрақтылықты, дінаралық келісімді нығайтуға және діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілуде. Халықаралық, республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен семинарлар өткізілуде. Дін саласына жүйелі мониторинг пен талдау жүргізіп отыру жолға қойылып келеді. Еліміздің діни саладағы тәжірибесін БҰҰ, ЮНЕСКО, ЕҚЫҰ сияқты ұйымдар зерделеп отыр. Халықаралық аренада Қазақстан ұлттар мен діндердің келісім алаңы, бейбітшілік орнаған ел ретінде танылып отыр. Мұны біз халқымыздың мейірбандығы мен кеңдігінің, ел басшылығының дана саясатының нәтижесі деп ұғынуымыз қажет. Біз осындай қысқа ғана мерзімде қол жеткен жетістіктерімізді әлдебіреулердің ақымақтығы мен экстремистік әрекеттерінің салдарынан жоғалтуға жол бермеуіміз керек. Сондықтан, діни экстремизм мен радикализм идеяларына қарсы тек мемлекет қана емес, саяси және қоғам көшбасшылары, рухани және жастар ұйымдарының жетекшілері, зиялы қауым өкілдері бірлесе отырып табанды жұмыс жүргізуге тиіс. Біз сонда ғана еліміздің тәуелсіздігін, бейбіт әрі мамыражай өмірімізді сақтап қалмақпыз. Біздің ең құнды әрі басты байлығымыз - тәуелсіздігіміз екенін еліміздің әрбір азаматы әрқашан есте сақтауы қажет, дейді автор. Осыдан 12 жыл бұрын, сол тұстағы Білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеевтің жанашырлығымен, сол ведомствоға қарайтын «Дарын» республикалық ғылыми практикалық орталығының сол кездегі директоры Тілдаш Битуованың ұйымдастыруымен алыс, жақын шетелдердегі бауырлардың ұл-қызын бабаларының құт мекеніне тарту мақсатында «Қазақстан - атажұртым, қасиетім-ана тілім» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен оқушылардың халықаралық олимпиадасын өткізу үрдісі қолға алынған болатын, деп жазады аталған басылым « Ұлтым, ұлысым, тынысым! » атты мақалада. Оның алғашқы тұсаукесері елордада өтті. Одан кейін Отанымыздың 9 облысында, киелі Түркістан қаласында жалғасын тапты. Содан бері бабаларының кіндік қаны тамған, табанының ізі қалған қазақтың қасиетті топырағына әлемнің әр түкпірінен мыңнан аса ұл мен қыз келіп мейірімге бөленіп, шапағатқа кенелді. Олар алғашында аз еді, кейін көбейді. Еуропадағы қандастардың, Ирандағы бауырлардың ұрпақтары да ат ізін сала бастады. Жүзден аса талапкер еліміздің жоғары оқу орындарына түсіп, жақсы бітіріп Отанына еңбек етіп жүр. Шаңырақ көтеріп ұлт демографиясына үлес қосқандар да баршылық. Биылғы ұлт тілі мен әдебиетіне арналған олимпиада Мемлекет басшысы «Сыр-ел анасы» деп атаған Қызылорда қаласында болды. Ираннан, Қытайдан, Түрікменстаннан, Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Ресей Федерациясының Самара, Омбы облыстарынан, Мәскеу қаласынан ағылып, сағынып келген олимпиаданың жүрек тебірентер ашылу сәтінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев сөз алып, шын ниетпен, ыстық ықыласпен ақ тілегін толқи тұрып жеткізіп, бар қазақтың саялы бәйтерегі саналатын Қазақ елінің, өңірдің арғы-бергі тарихын тарата айтып, жат жерде жүрсе де ана тіліне ден қойған бүлдіршіндей ұл мен қызға ризалығын білдірді. Қорқыт баба жатқан киелі даланың даналарын, Сыр сүлейлерін, ғарышқа қырандарды ұшырып жатқан Байқоңыр кешені жайлы жан-жақты хабардар етіп, үмітін үкілеп келген ботакөз балапандарға сәттілік тіледі. Үш кезеңде өткен білім сайысында қазылар алқасы үміткерлердің жазбаша жұмыстарын, ауызша, өнер, танымдық ізденістерін таразы басында теңдей келіп, Білім және ғылым министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарын және Қызылорда облысы әкімінің бағалы сыйлықтарын табыс етті. Олимпиада ашылуында да, жабылуында да өңір жұрты, облыстық білім басқармасы барлық мүмкіндікті қарастырды. Қаланың көрікті жерлерімен таныстырып, Сыр бойына, киелі Қорқыт ата басына апарды. Сол жерде Ираннан келген балалар баба рухына бас иіп, құран бағыштап жатты. Олимпиада қорытындысы бойынша бірінші дәрежелі дипломды Н.Қыдырбаев, Г.Тұрдалиева (Өзбекстан), Ахмад Тани (Иран) иеленсе, екінші дәрежелі дипломды Қытай, Моңғолия мемлекеттерінен келгендердің еншісіне, үшінші дәрежелі диплом Түрікменстан, Ресей, тағы басқа елдердің ұл-қыздарының еншісіне тиді.