ЭКСПО еріктілер жұмысы көңілден шығады

Шараға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев қатысты.
Астана ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі бірінші айда 900 мың қонақ қабылдады. Қонақтар өзін жайлы сезініп, көрмедегі уақытын қызықты өткізуіне волонтерлер айтарлықтай еңбек сіңірді. Волонтерлердің деректеріне сүйенсек, жұмысқа әр түрлі жастағы 4500-ден астам ерікті жұмылдырылса, соның 1500-ін Астана қаласының әкімшілігі даярлаған. Осы жаздағы ең ауқымды іс-шараның қонақтарына ЭКСПО-ға қатысушы 40 елден келген волонтерлер де қызмет көрсетуде.
800 ерікті Қазақстан аймақтарынан: Алматыдан - 300, Қарағандыдан - 250, Павлодар мен Қостанайдан - 100, тағы 150 ерікті жақын және алыс 46 шетелден келген. Олардан бөлек, қала аумағында 1500 ерікті жұмыс істейді.
- Барлығымыз бірге 93 күнді өткіземіз. Бүгін біз үлкен жоба алдында тұрмыз. Бұған дейін Астанаға жылына 800 мың турист келген болса, енді үш ай ішінде 2 миллион мейманды қарсы алатын боламыз. Бұл үлкен жұмыс, сондықтан бізге сіздердің көмектеріңіз, энергияларыңыз аса қажет. Сіздерге сәттілік, қажымас қайрат тілеймін. Сіздер қонақтар риза болып қайту үшін бар білімдеріңіз бен күштеріңізді салатындарыңызға сенемін. 4,5 мың еріктінің барлығы ұйымшыл, әдемі, жанарларында от, жүректерінде патриоттық сезімі бар екенін көріп тұрмын. Ахметжан Смағұлұлы, қала ішінде де 1,5 мың ерікті жұмыс істейтінін жеткізгіміз келеді. Олар тәулік бойы полицияға, емханаларға, әуежайларға, отельдерге көмектесетін болады. Барлығы алты тілді еркін меңгерген. Қала еріктілері ЭКСПО еріктілерімен бірге қоян-қолтық жұмыс істейді деп ойлаймыз. Барлығымыз алдымызға қойған міндетті сәтті орындайтынымызға сенемін, - деді Әсет Исекешев еріктілерге.
Халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесі 10 маусым күні ашылады.115 ел мен 22 халықаралық ұйымдар баламалы энергетика мен жасыл технологиядағы өз жетістіктерін көрсететін болады.
Бүгін Катар павильонында Волонтерлер күні салтанатты түрде аталып өтіп, оған көрменің 100-ден астам волонтерлері мен супервайзерлері, сондай-ақ, павильон қызметкерлері қатысты. Мереке иелері үшін, Катар мемлекетінің павильоны туралы викторина сұрақтарына жауап беру арқылы ғана алуға болатын арнайы жүлде дайындалған болатын. Жүлде, яғни, брендті кәдесыйлары (қолшам, шағын желдеткіш, саптыаяқ) бар сөмке ең үздік 100 волонтерге табыс етілді. Пианино мен ұлттық аспаптардан төгілген музыкалық шығармалар мерекенің сәнін келтіріп, осы күннің шырайын арттыра түсті.
- Мемлекетіміз үшін Астанадағы ЭКСПО көрмесіне қатысу зор абырой. Бүкіл әлем тәрізді, Катар да баламалы қуат көздерін дамытуға баса назар аударады. Біз Қазақстанмен күн энергиясы саласында бірге жұмыс істейміз. Бүгін көрменің ең маңызды қызметкерлерінің бірі - волонтерлерге алғыс айтқымыз келеді. Олардың күнделікті қажырлы еңбегінің арқасында ЭКСПО қонақтары осы іс-шара мен Қазақстанның әдемі, әрі жас астанасын есінде мәңгі сақтайды. Бұл мереке соларға арналады, - деп атап өтті павильон директоры Мұхамед Саид Ал-Блоши мырза.
- ЭКСПО-да мен көп тәжірибе жинап, тамаша әсер алдым. Елімізде тұңғыш рет өтіп отырған осындай ауқымды іс-шараға қатысқаным үшін өзімді бақытты сезінемін. ЭКСПО-2017 көрмесі биыл жазда менің Қазақстаннан шықпай-ақ дүние жүзімен танысуыма жағдай жасады. Достарымызбен бірге ЭКСПО қонақтарын қуана қарсы аламыз және оларға жәрдем береміз, қонақжайлылық - қанымызға сіңген ұлттық ғұрпымыз ғой. Бүгін біз үшін осындай мерекені ұйымдастырған Катар павильонына мың алғыс! - деді волонтер Ернар Мақашев.