«ЭКСПО-ға екі жыл қалды. Дайындығымыз қалай?» - баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 18 шілде, сенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

"Айқын" басылымы Алматы шатқалдарының баурайына саңырауқұлақтардай пайда болып жатқан зәулiм үйлер мен виллалардың мәселесiн көтерiп отыр. "Тауды талқандауды қашан тоқтатамыз?" атты мақала: "Қазақстанның тауға мән беруін­де мән бар. Елімізде таулы аумақ көп. Айталық, Сарыарқа, Мұғалжар таулары, Тянь-Шань және Хан-Тәңірі. Бір ғана мысал, Жоңғар Алатауының жалпы ұзындығы 400 шақырым. Орташа биіктігі - 3580 метр. Айта берсек, таудың атауы мен ондағы табиғат байлығы шексіз. Тау­ды таутеке, арқар, қарақұйрық ме­кен етеді. Неше түрлі тал-дарақ пен пайдалы шөптер өседі. Аумақтағы тасқа салынған суреттер, қорғандар жеткіліктi. Осы секілді байлықты сақтауға қанша тырыссақ та, жыл өткен сай­ын түйткіл көбейіп келеді", - деп басталады.

"Сон­дық­тан да болар, Непал астанасы Кат­ман­ду қаласында Азияның биік тау шыңдарындағы мұздақтардың еру проблемасына арналған 6 күндік форум да текке ұйымдастырыл­мағаны анық. Мұздақтардың мұңы бізге жат емес. Өкініштісі, сол мұз­дақтарға дейін де адам ізі сайрап жатқан Қазақстанда таудың талқа­нын шығарған көріністер көбейген. Бір ғана мысал, Алматы­ның көркіне көрік қосқан Алатау етегі жасыл-желек пен шүйгін шөптен бұрын жота-жоталарға дейін шығып кеткен баспаналардан көрінбейді. Тауды ретсіз салынған баспаналардан тазарту енді мүмкін емес", - делiнген мақалада.

Тағы бір мәселе, тауға шығатын жұрттың қарасы көбейген. Олардың ешқайсысы да тастаған қоқысын тө­мен алап түспесі анық. Шыңға қарай өрлеген сайын медицинада пайда­ланылатын сирек өсетін өсімдіктер тұқымы құрып барады. Жабайы аңшылық та «Қызыл кітапта» бар аңның түбіне жетіп жатыр.

Сондай-ақ "Айқын" газетiнде "ЭКСПО-ға екі жыл қалды. Дайындығымыз қалай?" атты тақырыппен 2017 жылы өткелi отырған халықаралық көрме аумағындағы құрылыс жайында көлемдi мақала жарияланды.

"Күні кеше, дәлірек айтқанда 13 шілдеде Мемлекет басшысы «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық барысына арналған отырыста ЭКСПО көрмесі өтетін алаңдағы құрылыс-монтаж жұмыстарының мерзімін 2016 жылдың желтоқсанынан қыркүйек айына шегерді. Енді көрме нысандарының құрылысы келер жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс. Иә, бұл - құрылысшылар үшін үлкен жауапкершілік, олай болса, көрме аумағындағы құрылыс межелі мерзімде аяқтала ма? Біз бүгін осы сауалдың жауабын іздеп көрмекпіз", - делiнедi материалда.

"Қолға тиген дерекке сүйенсек, көрме көлемі 174 гектарды алып жатыр, оның 25 гектарына «ЭКСПО-2017» нысандары орналасады, атап айтқанда, Ұлттық па­вильон, жабық аллея, Конгресс холл, әлем­нің 100-ден астам елі орналасатын 14 ха­лық­аралық және 4 тақырыптық па­вильон. ЭКСПО кешенінде ұзын саны 38 нысан салынады. Дұрысы, салынып жатыр. Күні кеше біз сол құрылыс қызған аумаққа ат басын тіреп, жұмыс барысымен та­ныстық", - деп жазады мақала авторы.

***

Арбаға таңылған мүгедек жандарға Астана қаласының тұрғындары көмектесуге, жанашырлық танытуға жарай ала ма? Мiне, осыны анықтау үшiн "Астана ақшамы" басылымының тiлшiлерi әлеуметтiк эксперимент жүргiздi.

"Неге екенін қайдам, Астана маған суық, қаталдау көрінетін. Әлбетте, бұрын-соңды бір ай да тұрақтамаған бөтен қалаға бас салып бауыр басу да қиын шығар. Үлкен қаланың адамдарында мейірім аз деген сыңаржақ ойды да сіңіріп алғам тағы. Түрлі бейнесюжет көріп жүрміз ғой. Көп кісі көшеде құлап жатқан адамды аттап-бұттап өте шығады. Қолындағы бәлішімен бөлісуді өтінген мүсәпірді жанына жолатпай, қуып жібереді. Бұл - батыста. Ал мұнда қалай? Жалпы, астаналықтардың жүрегінде жанашырлық, қамқорлық сияқты ізгі қасиеттер жоғалмаған ба? Осыны білмек болып, әлеуметтік эксперимент жүргіздік...", - делiнген "Адамдарда мейiрiм азаймасыншы" атты мақалада.

"Фототілші жігіт екеуміз келісіп алғанбыз. Ол көшенің арғы бетіндегі ағаштардың тасасында жасырынып тұрады. Мен мүгедектер арбасына отырып, тротуармен жүруім керек. Әдейі ойлы-қырлы жерді таңдап алдық. Кедергіден өте алмай тұрғанымда жанымдағы жұрттың не істейтінін білейін дедік", - дейдi тiлшi.

"Бұдан соң, қалалық алаң, Министрліктер үйі, Бәйтеректің маңына бардық. Қай жерде де арбадағы адамға деген аңқылдақ көңілдерді байқадым. Тек... аяп қарағандары жаман. Мүгедектер де - қоғамның басқалар секілді толыққанды бір мүшесі ғой. Оларды аулақтан аяғаннан гөрі іш тартып, жақынсынған жақсырақ әсер етеді екен.

Дәл осыған ұқсас әлеуметтік эксперимент Ресейде де жасалыпты. Бірақ олардың нәтижесі біздікіндей болып шықпады. Журналист кедір-бұдыр жол ортасында арбасын әрі жылжыта алмай тұрып қалған еді. Үш-төрт метр жерде тұрған қыздардың біреуі келіп, көмектесуге жарамады. Суретке түсіп, өздерінше әуре.

Мұндай жайттың бізде де қайталанбағанына қуандық. Адамшылықтың жоғалмағанына көзіміз жетті", - деп атап өтедi басылым өкiлдерi.

***

Қарағанды, Оңтүстiк Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында мектеп оқулықтарына қаражат жетпей қалды, деп хабарлайды "Экспресс К" басылымы.

"Жергiлiктi билiктегiлер бұл мәселенi шешуге асықпайтын секiлдi. Шығыс Қазақстан облысында оқулықтарға - 11 млн. теңге, Қарағанды облысында 22 млн. теңге жетпей тұр. Ал Оңтүстiк Қазақстан облысында оқулықтарды сатып алуға тағы 3 млрд. теңге қажет. Мәслихат 2 млрд 316 млн. теңгенi бөлудi шештi. Бұл ақша әзiрге қағаз жүзiнде бөлiнiп отыр", - делiнген "Фига вместо книг" атты мақалада.

Соңғы жаңалықтар
telegram