ЭКСПО-ға келушілер 131 млн теңгеге тамақтанған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы ЭКСПО-ны тамашалауға келгендер көрме аумағындағы қоғамдық тамақтану орындарында 131 млн теңгеге ауқаттанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Қазақ жерінде тоғысқан дүниежүзінің озық технологияларын өз көзімен көруге асыққандардың қарасы қалың. Астанаға ат басын бұрған шетелдіктер де көп. Қонақ үйлер меймандардан арылар емес. Мыңдаған келушінің арқасында елорданың бизнесі көтерілді. Қазынасы толды.

Қонақ үй жұмысшыларының бос уақыты жоқ. ЕХРО басталғалы қарбалас, келушілер көп.

Елордадағы қонақ үйлердің бірінің директоры  Айгүл Нұреева екі жарым айдың ішінде қанша пайда тапқанын жасырғанымен, «1000-ға жуық қонақ күттік» деп отыр. Ал мұндағы нөмірдің құны 17 мыңнан басталып, 30 мыңға дейін жетеді. 

«Алдыңғы жылға қарағанда біздің қонақ үйдегі қонақтардың саны ЕХРО-ға байланысты 4 есеге асты деп айта аламын. Алдыңғы жылы күніне 5 нөмір болса, осы жылы күніне 30 нөмірге дейін қонақ келеді. Біздің қонақ үйге Германиядан, Сауд Арабиясынан көп келді», - дейді ол.

ЕХРО көрмесі бизнесмендердің де несібесін еселеді. Көрмені тамашалауға келгендердің жүрек жалғап, аз-кем аяқ демалтқысы келетіні белгілі. Қалашықтағы ас-ауқат сатылатын дүкендер мен мейрамханалар 560 мыңға жуық адамға қызмет көрсеткен. ЕХРО-ға келушілер 131 млн теңгеге тамақтанған. Ал жалпы тауар айналымы 900 млн теңгеден асады.

 «Бастапқы тапсырма бойынша күніне шамамен 5 мыңға жуық адамды тамақтандыруымыз керек еді. Сенесіз бе? Біз қазір күніне 8 мыңға жуық қонаққа қызмет көрсетеміз. Кейде үлгере алмай жатамыз. Әсіресе түскі ас кезінде келушілер көп. Меніңше, шілдеде қонақтар көп болған сияқты. Біз тамызда келушілер легі азаяды деп болжаған едік. Олай болмады. Қонақтар әлі де келіп жатыр», - дейді аспаз Виталий Косенчук.

ЕХРО әлем халықтары арасындағы достықты нығайта түсті. Мамандардың айтуынша, халықаралық көрме еліміздегі ішкі туризмнің тамырына қан жүгіртті. Мәселен, көрме кезінде Бурабайға келген шетелдіктердің саны 3 есеге артқан.

 «Мұның өзі біздің өрісіміздің кеңейгендігі. Көзіміз ашылды. Қаншама мәдениеттерді көрдік. Қаншама технологияларды көрдік. Біз жер бетіндегі тыныштықты, мәдениеттерді жақындастыру арқылы халықтардың бір-біріне деген сенімін, бір-біріне деген сүйіспеншілігін нығайту арқылы бейбітшілікке қол жеткізетінімізді Елбасымыз айтып келе жатыр. Осы жолы да өзінің сұхбатында айтты», - деп атап өтті ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram