18:04, 14 Шілде 2016 | GMT +5
ЭКСПО халыққа мыңдаған жұмыс орындарын береді - Ж. Асанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас Прокурор Жақып Асановтың пікірінше, ЭКСПО ол жай ғана көрме емес. Оның әрбір қазақстандыққа, қоғамға, жалпы бүкіл мемлекетімізге берері көп, пайдасы зор.
«ЭКСПО экономиканың көптеген салаларына қан жүгіртпек - қонақ үй мен туристiк бизнес, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану, электронды коммерция, қызмет көрсету. Бұл мыңдаған жұмыс орындары. ЭКСПО біткеннен кейін де жаңа ғимараттар қаламыздың сәулеті мен дәулетін арттырады. Астанамыз үлкен қаржы орталығына айналмақ. Тұрғын және қонақ үйлер, сауда орталықтары - өзімізге қалатын дүние», - деді Бас Прокурор.
Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада өткен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды. Жиналыста «EXPO 2017» кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.