«ЭКСПО» қаражатын шетелге шығару фактілерін анықтау үшін тергеу жүріп жатыр — Бас прокуратура
АСТАНА. KAZINFORM — «ЭКСПО» қаражатын жымқыруға қатысы бар барлық адамды анықтау үшін тергеу əрекеттері жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың жауабында айтылған.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің іс жүргізуінде «ЭКСПО» қаражатын жымқыру фактісі бойынша жеке басы анықталмаған адамдарға қатысты қылмыстық істің бар екенін хабарлаймыз. Осы тергеп-тексеру аясында іске қатысы бар барлық адамды, оның ішінде шет елдегі офшорлық компанияларға ақшаны шығару фактісін анықтауға бағытталған кешенді жедел-тергеу əрекеттері жүргізіліп жатыр, — деді Берік Асылов жауабында.
Оның атап өтуінше, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының ақша қаражаттарын жымқырғаны үшін 23 адам əртүрлі мерзімдерге бас бостандықтарынан айыруға сотталған.
— Сотталғандардың кінəсі туралы соттың тұжырымы жан-жақты зерттелген шынайы жəне жол берілетін дəлелдемелерге негізделген, — деді ол.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың бұрынғы төрағасы Талғат Ермегияев Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті қауіпсіздігі орташа № 57 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. 2016 жылдың маусымында ол 14 жылға сотталып, мүлкі тәркіленді.