ЭКСПО Қазақстан үшін мақтануды барынша сезінуге мүмкіндік береді

Әлі есте, ЭКСПО көрмесінің капсуласын салғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қобалжып тұрғанын айтқан болатын. Бұл жалпыұлттық бастаманың қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін білдірген еді. «Бүгін біз ЭКСПО-2017 көрмесінің құрылысын бастап отырмыз. Бұл - өте маңызды нысан. Қазірдің өзінде Астанамыз көркейіп, гүлденіп келеді. Ал 2017 жылда қала бұдан да көркейе түседі. ЭКСПО-ның ашылуы Астананың 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Ондай нысанды біз әлі салған емеспіз. Көрме аймағы Астананың жаңа орталығына айналады», - деді Мемлекет басшысы.
Қазір байқап қарасақ, көрме аймағы түбегейлі өзгерді. Үш жыл бұрын ол жерде жалғыз шатыр ғана болған. Ал оның айналасында жүк көліктері тізіліп тұрды. Бүгінде шатырдың орнында алып Шар - Сфера бой көтеріп, соның айналсында әсем павильондар салынды. Бұдан бөлек, тұрғын үйлер, сауда мен бизнес орталықтары сәулет өнерінің тамаша ансамблі құрылып отыр. Шыны керек, ЭКСПО көрмесі басқа да маңызды жұмыстардың атқарылуына түрткі болды. Астанада жаңа теміржол вокзалы, әуежайдың тағы бір терминалы салынды, көше жолдары жөнделді. Жаңадан ашылған жолдар да аз емес. Қоғамдық көліктер жаңартылды. Астананың көшелерінде гибридті, яғни безинмен де, электрэнергиямен да жүре алатын автобустарды байқауға болады. Бірыңғай такси қызметі ашылды. Жалпы, қоғамдық көліктердің қозғалысы жақсара түсті, жаңа электронды жүйелер енгізілді. Айта берсек, оңтайлы шаралар көп. Бұның барлығы ЭКСПО-ның аясында атқарылды.
Қаладағы көлік қозғалысы демекші, кешеден бері Астана тұрғындары көлік кептелістері жайында жиі айта бастады. Оған да түсіністікпен қарау орынды болар. Себебі ЭКСПО көрмесін көруге Ресей мен Қытай сияқты державалардың басшылары ғана емес, Сербия, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкістан және тағы басқа мемлекеттердің президенттері де келіп отыр. Оған басқа аймақтардан келетін өз жерлестерімізді тағы қосыңыз. Ондайда көлік кептелісінің болатыны сөзсіз. Осы орайда вице-министр Скляр мырзаның бір сөзі еске түседі. «Әрине, қалада тұрып жатқан адамдар үшін біраз қолайсыздықтар болуы әбден мүмкін. Ол рас. Оған үйге қонақ келгендей қарау қажет деп ойлаймын. Үш бөлмелі үйдің екі бөлмесіне қонақтар жайғасқанда қалай жүреміз, тура солай уақытша шыдай тұруға тура келеді. Оған түсіністікпен қарайық», - дейді Роман Скляр.
Ашығын айту керек, үш жылдың ішінде келеңсіз жағдайлар да болды. Дегенмен, ондай проблемалар бізде ғана емес, Еуропада өткен ЭКСПО көрмелеріне дайындық жұмыстары барысында, тіпті сол көрмелерді өткізу кезінде де болған. Ең бастысы, соның барлығы дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қолға алынды. Әлбетте, қаржыны үнемдеу мақсатында павильондарды уақытша құрастырып, артынан бұзып тастауға болатын еді. Ондай тәжірибе бар. Сосын дүниежүзілік ЭКСПО емес, халықаралық ЭКСПО болғандықтан, бізді ешкім сынамайтын еді. Дегенмен, аталған шара Орталық Азияда тұңғыш рет өтетін болғаннан кейін Қазақстан оны абыроймен ұйымдастырғанды жөн көрді. Себебі бұның барлығы - бір мемлекеттің ғана емес, тұтас бір аймақтың атақ-абыройы. Оны АҚШ сияқты державалар да жақсы түсініп отыр. «ЭКСПО көрмесі Қазақстанның ғана жетістігі емес, бұл - барлық Орталық Азияның үлкен табысы. Білуімше, көрмеге Тәжікстан да, Түркіменстан да, Өзбекстан да, Қырғызстан да қатысады. Осылайша, Орталық Азия елдері өзара бірігіп, өз ұйымшылдығын тағы көрсетіп отыр. Сол сияқты Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы да бір елдің ғана емес, тұтас бір аймақтың жетістігі деуге болады. Негізі, көп мәселелердің шешілуі өзара ұйымшылдыққа, аймақтың абыройына тікелей байланысты ғой», - дейді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джордж Крол.
Сөз жоқ, абырой болса, ЭКСПО-дан кейін «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру бастамамыз да ойдағыдай іске асуы тиіс. Көрме аймағында зәулім ғимараттар мен алып павильондарды салудың тағы бір мақсаты да сол. Қазақстан көрмені жай өткізе салмай, соның негізінде Орталық Азиядағы ең үздік қаржы орталығын ашуды көздейді. Аталған орталық арқылы Қазақстан экономикасына ғана емес, Орталық Азияға да инветицияларды көптеп тартуға болады. Жалпы, бүгінде сарапшылар осы аймақтың өсіп келе жатқаны жайында жиі айтып отырады. Орталық Азияның халқы да, экономикасы да өсіп келеді. Кім біледі, болашақта Астана қаласы Дубай мен Лондон сияқты үлкен қаржы орталығына айналатын шығар. Ал ақша бар жерде жұмыс та болады, халықтың әл-ауқаты да жоғарылайды. Бұның барлығы Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің нәтижесі болуы әбден мүмкін.
Біздегі ЭКСПО үш айлық көрме болса да, тақырыбы дүниежүзілік көрмеден еш кем емес. Мәселен, бұған дейін Түркиядан өткен ЭКСПО гүлдер тақырыбына арналса, Милан көрмесі тамақ мәселесін көтерді. Ал Астана бірден баламалы қуат көздеріне арналған жаһандық тақырыпты қозғады. Аталған мәселе бүгінгі климаттың өзгеруі мен экологиялық апаттар аясында баршаға ортақ, бәрі үшін өзекті проблема болып отыр. Содан болар, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға ниет білдірген елдер көп. Әрине, олардың келісіміне Қазақстанмен арадағы байланыстар, өзара құрмет пен сыйластық, еліміздің жаһандық проблеманы шешуге деген құлшынысы әсер етті. Бұдан бөлек, Қазақстан ЭКСПО аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті сияқты үлкен жиындарды өткізіп отыр. Ол да көрменің маңыздылығын, халықаралық мәртебесін арттырып отыр.
ЭКСПО-ның саяси-экономикалық пайдасы былай тұрсын, қарапайым халық үш ай бойы баламалы энергия саласындағы өзге елдердің тәжірибесімен танысып қана қоймай, мыңдаған мәдени-спорттық шараларға да қатыса алады. Ең бастысы, әлемдік өркениет пен мәдениетпен танысуға мүмкіндік бар. Соның арқасында адамның дүниетанымы да, көзқарасы да өзгереді. Қазақ бір-бірімен тығыз араласады. Астанадан көргенді жергілікті жерде жасайды. Жасай алмаса, талап етеді. Жалпы, ЭКСПО сияқты шаралар өзгеден кем емес екеніңді көрсетуге, ел-жер үшін мақтанышты барынша сезінуге мүмкіндік беріп отырғаны рас.