ЭКСПО: Корея павильонына саяхат

ЭКСПО-ға келушілердің үлкен қызығушылығын оятқан павильондардың бірі - Корея павильоны. Біз барғанда ұзын-сонар кезек түзіліпті. Сонымен, мұнда не бар?
Бұл павильонға келгенде кезекке тұрасыз. Келушілерді әр жарты сағат сайын кіргізеді. Мұнда кезекшілік етіп, кеңес беріп тұрған бойжеткендердің барлығы дерлік қазақ қыздары. Қазақ, орыс, кәріс тілдерін жетік меңгерген.
Павильонның өзі екі залдан тұрады. Бірінші залда бір қабырғасын тұтас алатын экран орнатылыпты. Осы экраннан қонақтарды Корея энергетикасының даму тарихымен таныстыратын бірер минуттық ролик көрсетіледі.
Оны тамашалап болғаннан кейін екінші залға өтесіз. Кіреберісте әрбір келушінің қолына бір-бір смартфон ұстатады. Мұнда «таңғы балғындық елі» деген бейресми атауға ие болған Кореяның энергетика саласындағы соңғы жетістіктері мен болашақта жүзеге асырар жобалары бәйтеректер бейнесінде берілген. Әлгі смартфонды алып, әр ағашқа жақындатсаңыз, тың жобалардың сұлбасы шығады. Сол жерде тұрып, бәйтеректен смартфонға берілетін сигнал арқылы керекті мәліметке қанығып, жоба-жоспарымен таныса аласыз.
Бәйтеректердің бірінде үйдегі техниканы, электронды құрылғыларды ғаламтор арқылы телефоннан басқару мүмкіндігі көрсетілген. Яғни, әр техникаға арнайы чип орнатылады. Телефоннан ғаламторға кіріп, сол чиптер арқылы кір жуғыш машинаны я тоңазытқышты қосуға, сөндіруге, функцияларын ауыстыруға болады.
Екінші бір бәйтеректе алыста іссапарда жүріп, үйіңіздегі ахуалды бақылау мүмкіндігі көрсетілген. Мәселен, сигналдық чиптер арқылы үйдің есігі жабылғанын я ашық қалғанын, қай бөлмеде қандай техника я құрылғы қосулы қалғанын көруге болады деген сөз.
Үшінші бәйтеректе күн көзінен энергия алатын ғимараттардың жобасы жазылған. Яғни күннен энергия алатын ғимараттарға жылу жүйесін тартудың қажеті жоқ. Үйіңізге жылу батареядан емес, қабырғадан, күн көзінен келеді. Үйін еден арқылы жылытатын кәрістер енді тегін күн энергиясын пайдаланып, үйлерін қабырғалар арқылы жылытпақ.
«Таңғы балғындық елінің» осындай тың туындыларын қызықтаған кісі қарасы көп. Кірерде кезек күтетініңіз болмаса, кәрістер жабдықтаған екі залды аралап, көңіл аударған дүниені қызықтап шығу үшін жиырма минут уақыт жеткілікті. Павильоннан тыс кәріс халқының ұлттық асханасы мен кәдесыйлар дүкені орналасқан. Сондай-ақ 19 шілдеде ұйымдастырылатын «Кореяның Қазақстандағы мәдениет күндеріне» орай «Корея толқын аумағы» деп аталатын арнайы бұрыш ашылған. Айта кету керек, мұндай ұлттық асхана мен кәдесыйлар дүкені ЭКСПО кешеніндегі барлық елдердің павильондарында ашылмаған.
50-60 адамға арналып ашылған дәмханаларында тек кәрістің ұлттық тағамдары тартылады. Мұнда келушілердің көп сұрайтыны «Пибимпаб» деп аталатын тағам екен. Пибимпаб - қазақтың еті сияқты, кәрістердің кең танылған ұлттық тағамы. Кәрістердің ұлттық тағамдарының басым бөлігіне күріш қосылады. Одан кейінгісі көкөністер. Асханаға арнайы кіріп, аспазшылармен таныстық. Бас аспаз Ким Сон Укпен тілдестік. Жас ортасына жетіп қалған аспаз жасынан аспаздықты меңгерген. Ал өзі қазақ топырағына табаны тигелі бері ұлттық тағамдардан бауырсақ пен сары майды ерекше ұнатып қалыпты.
Ким Сон Ук
«Қазақстанға жан-жақты даму керек. Қызмет көрсету саласы кенже қалған. Кореяда кез келген шаруаны шешу үшін жеке бас куәлігі жеткілікті. Ал бұл жақта жылдамдық жоқ, қағазбастылық көп. Бұған дейін Алматыда аялдадым. Бірақ Алматы маған аса ұнамады. Ауасы лас, көлік көп. Тынысым тарылды. Ал Астана таза қала екен. Жиі соғатын желі бар. Және бір ерекшелігі күн ұзақ екен. Күн кеш батып, таң тез атады. Таңғы төрттерде айналаға жарық түсе ұйқыдан амалсыз оянасың. Біздің ел таулы аймақта орналасқандықтан күн қысқа, керісінше түн ұзақ», - дейді өзі.
Сөз арасында ол Сеулді сағынғанын да жасырмады. Десе де оған әлі біраз аялдауға тура келеді. Келісімшарт ЭКСПО уақытына жасалған.
Ал кәдесыйлар сатылатын дүкенде кәрістердің қолынан шыққан дүниелер көп.
Соның бірі мына бір жылытпалы едендер мен кресло. Кәрістердің үйлерін қабырғадағы батарея емес, еден арқылы жылытатынын киносынан білеміз. Бірақ бұл дүниелер арзан тұрмайды. Жылытпалы еденнің өзі 850 мың теңге.
Шашқа, бетке, қол-аяққа жағатын арнайы «Жэйлин» маскалары түр-түрімен қойылған. Бағасы мың жарым теңгеден басталады. Қазақ я орыс тілінде түсініктемелері жоқ болғандықтан қалай қолдану керектігін осы дүкендегі кеңесшілерден сұрап алуыңызға болады.
Ал мына сөрелерде қолдан жасалған қобдишалар мен зергерлік әшекейлер, брелоктар қойылған. Қолдан шыққан бұйымдар Кореяда жоғары бағаланатындықтан, мұндағы әшекейлердің бағасы 4-5 мыңнан басталады екен. Кәдесыйлардың ең арзаны - 500 теңгеден басталатын брелоктар. Жылдам өтіп жатқаны да солар.
Жылытпалы еден мен креслодан кейінгі қымбат дүние тауда өсетін жабайы жүзімнен жасалған шараптар. Жасыл түсті екі бөтелкедегі шараптың сақталғанына 40 жыл болыпты. Екеуінің бағасы 37 мың теңге. Ал төмендегі екі шарап 60 мың теңге тұрады.
Кореяның кәмпиттері.
Денсаулыққа аса пайдалы «Женьшень» шайлары.
Корея павильонына жасаған саяхатымыз осымен тәмам.
Ақбота КҮНТУҒАН