ЭКСПО көрмесіне ресми қатысушылар үшін «бір терезе» қағидасымен тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай орталықтар құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасындағы Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге байланысты ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар беру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.
None
None

Аталған құжат негізінен «Болашақ энергиясы» тақырыбымен 2017 жылы Астанада өтетін Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылар үшін жағымды ахуал қалыптастыруға бағытталады. Келісім негізінен елімізде өтетін көрмеге қатысушыларды ынталандыру мақсатында ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар ұсыну үшін құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталады. Құжатты қабылдау республикалық бюджеттен қосымша қаражаттарды талап етпейді. Сонымен қатар, еліміз үшін жағымсыз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға соқтырмайды.

«Келісімді ратификациялау және оның күшіне енуі ЭКСПО көрмелерін өткізу және халықаралық тәжірибелерге сәйкес, көрмеге қатысатын елдермен қолайлы жапғдацлармен қамтамасыз ету, оларды таныстыру, сондай-ақ көрмені өткізу барысында құқықтық шаруашылық-экономикалық қызмет көрсету үшін ресми қатысушыларға жеңілдіктер мен преференциялар берілмек. Келісім 21 бапты қамтиды. Келісім үш тарау мен 24 баптан тұрады», - дейді Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рәпіл Жошыбаев. Оның айтуынша, келісімге сәйкес, көрмеге қатысушы елдің секция комиссары мен штат қызметкерлері барлық салық төлемдерінен, сондай-ақ секция комиссары кедендік төлемдер мен алымнан босатылады. Бұдан бөлек, секция комиссарының барлық қызметкерлеріне, оның ішінде отбасы мүшелеріне тегін бір жылдық визалар беріледі. Сонымен қатар, келісім аясында секция комиссары мен оның қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне де преференциялар қарастырылған.

Оның сөзіне қарағанда, көрмеге ресми қатысушылардың Қазақстан аумағындағы жүргізуші куәліктері заңды деп танылады. Бұдан бөлек, көрмеге ресми қатысушылардың Қазақстанның мемлекеттік органдарымен қарым-қатынасын қамтамасыз етіп, оларға мемлекеттік қызмет көрсетуді жеңілдету үшін «бір терезе» қағидасы бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай орталықтар құрылатын болады.

Айта кетерлігі, келісімде қарастырылған жеңілдіктер мен преференциялар 2016 жылдың 1 наурызынан күшіне еніп, 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болады. Ал кедендік жеңілдіктер 2018 жылдың 9 наурызынан кейін күшін жояды.

Соңғы жаңалықтар