ЭКСПО төрінде өнер дүлділдері

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Испания Корольдігінің ұлттық күні  болып өтті. Шара «Compañía Flamenca» тобының жалынды фламенко биімен ашылды.
None
None

Көрме аумағында Каррос де Фок көше театрының өнер көрсетуі және «Дон Кихот Ламанчский» шығармасының ұжымдық оқулары өтті. Испанияның ресми делегациясының басшысы, Депутаттар конгресінің төрайымы Ана Пастор Қазақстанның Испанияның Орталық Азиядағы сенімді стратегиялық серіктесі екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар делегация басшысы Испанияның дүние жүзінде көлік инфрақұрылымы бойынша ең үздік он елдің бірі екенін, құрылыс, автокөлік жолдарын, теміржолдарды, аэропорттарды басқару саласында он елдің төртіншісі болып табылатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан барлық көлік концессиясының 33 пайызы Испания кәсіпорындарына тиесілі. Испания компаниялары «Мекке-Мәдина» жылдам теміржол жолдарын немесе Анкарадан Ыстанбұлға дейінгі қатынас жолдарын салу секілді әлемдегі ірі теміржол жобаларын жүзеге асырған. Қазақстандық компаниялармен серіктестік барысында салынған жоғары жылдамдықты испан пойыздары қазіргі Астана мен бұрынғы астана Алматыны жақындата түсті. Ұлттық күнге орай ұйымдастырылған мәдени шара нәтижесінде келесі айда Испания павильоны қала кинотеатрларында Испан киносы фестивалі мен испан тілін насихаттауға арналған алуан түрлі іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Ал «CNBC» телекомпаниясы АҚШ-тың 96 миллион 242 мың телекөрермені қарап үлгерген ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы толықметражды үш сериялы фильм түсірді. «CNBC» жобаның ауқымдылығын, қонақтардың көрмеге көптеп келуі мен жұртшылықтың зор қызығушылығын атап өтті.

ЭКСПО-2017 көрмесі аймағында Чеxия Республикасының ұлттық күні өтті. Шара барысында Оңтүстік Моравиядан келген бишілер, Брно консерваториясының үрмелі аспаптар оркестрі, сондай-ақ Батыс Богемиядан жеткен волынка аспабының шеберлері өз өнерлерін паш етті. Праганың ағашаяқ киген акробаттары да жұрттың көңілін көтеріп, Чеxия павильонына мерекелік шеруді бастап барды. Ал шараның ресми бөлімінде екі елдің Сенат төрағалары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Милан Штеx өз тілектерін жеткізді. Чеxия павильонында ұшатын велосипедті көруге болады. Жоба авторларының айтуынша, аталған бастамаға жазушы Жюль Вернның қиялындағы велосипед түрткі болды.

Әлем назары ауған көрме барысында бұдан басқа еліміздің әр облысының мәдениет күндерінің таныстырылымы да өтіп жатыр. Таяуда Алматы облысының мәдениет күндері өз мәресіне жетті. ЭКСПО қалашығындағы Амфитеатрда Мәдениет күндерінің салтанатты жабылуы рәсімі өткен болатын. Салтанатты рәсімге «Астана ЭКСПО» ҰК» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Әлішер Пірметов, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар арнайы келіп, шараны тамашалады. Шараның жабылу рәсімінде көрермендерге Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның «Жерұйық - жасыл бауларым» атты концерттік бағдарламасы көрсетілді. Бұдан бөлек, М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі және басқа да белгілі өнер иелері сахнаға шығып, өз өнерлерін ортаға салды.

Алматы облысының мәдениет күндері аясында өңір мұражайларынан мұнда барлығы 231 экспонат пен Көркемсурет галереясынан 30-ға жуық картина әкелінген. М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Күләш Исабекованың айтуынша, көрмеге Талдықорғандағы өлкетану музейінің, Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалдық музейінің, Еңбекшіқазақ ауданындағы «Есік» мемлекеттік тарихи мәдени қорық музейінің экспонаттары қойылған. Ал Талдықорғандағы Көркемсурет галереясы мен Жаркент қаласындағы Әбілхан Қастеевтің көркемсурет галлереясынан әкелінген акварельмен, майлы бояумен қағазға, кенепке, ағашқа салынған суреттер астаналықтар мен қала қонақтарының қызығушылығын туғызуда.

 

Соңғы жаңалықтар