ЭКСПО төрінен қазақтың қолөнер шеберлеріне орын табылмай отыр
Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұxбатында ҚР қолөнер шеберлері одағының төрайымы Айжан Бекқұлова айтты.
"Қазіргі кезде біз Мәдениет және спорт министрлігімен Астанадағы ЭКСПО көрмесі кезінде қолөнер шеберлерінің шараларын өткізу туралы келісімді рәсімдедік. Өкінішке қарай, ол шаралар көрме аймағында өтпейді. ЭКСПО аумағындағы шараларға біздің шеберлердің қатысуы қарастырылмаған екен. Ол жерде тек солардың өнімдері (сувенирлік заттар - авт.) сатылады. Ал ұлттық қолөнер шеберлері үшін ипподром жақта-ау деймін, қазір нақты айта алмаймын, әйтеуір сол жақта этноауыл ашылады. Онда киіз үйлер тігіліп, көшпелілер ойындары ұйымдастырылады. Бізді сол жаққа жіберіп отыр", - деді А.Бекқұлова.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде барлық шеберлер өз өтініштерін берді. Соның негізінде тізім әзірленді. Ендігі кезекте, үш айға жететін қолөнер бұйымдарын дайындап қою қажет. "Көрме үш күнге емес, үш айға созылады. Шеберлер соған дайын болуы керек. Сондықтан мен барлық сан алуан жәрмеңкелерді доғарып, шеберлеріміз қолөнер бұйымдарының белгілі бір көлемін жинап алса екен деймін. Әрине, ЭКСПО-ның төрінде отырғанда тамаша болатын еді. Негізі, біз үш-төрт жылдан бері осы мәселені көтеріп, көрме басшылығына ұсыныс жасап келдік. Алдын ала келісімдер де болған. Дегенмен, ол жақта басшылық ауысқаннан кейін бәрін жаңадан бастауға тура келді. Ақыр соңында үлгермей қалдық-ау деймін", - деп атап көрсетті ұйым басшысы.