Экспорттаушылар үшін ҚҚС қайтару процесі жеңілдетіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінде 2026 жылдан бастап қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтаруды жеңілдету көзделген, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

повышение ставки НДС, налоги
Фото: Kazinform

— Қолданыстағы нормаларға сәйкес ҚҚС-ты қайтарудың жеңілдетілген тәртібі салық төлеушілердің жекелеген санаттарына — бекітілген тізбелерге енгізілген ірі кәсіпорындарға, өндірушілер мен экспорттаушыларға қатысты ғана қолданылады. Қазіргі уақытта мұндай компаниялардың саны шамамен 40-50, — деп түсіндірді ведомство.

Жаңа жылдан бастап барлық экспорттаушы ҚҚС-ты оңайлатылған қайтару құқығын алады, олардың саны 1000-нан асады.

ҚҚС-ты оңайлатылған тәртіппен қайтару тексерусіз 15 жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Бұл үшін мына екі шарт орындалуы керек:

  • Қайтару туралы өтініш берген күні салық төлеушінің орындамаған хабарламалары болмауы тиіс;

  • Соңғы 12 айда жүргізілген салық тексеруінде қайтаруға жататыны расталған ҚҚС сомасы болуы қажет.

Қайтару сомасын айқындау салықтық тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып жүзеге асырылады, бұл ретте негізгі бағдар алдыңғы салықтық тексерулердің нәтижелері болады.

— Сондай-ақ ҚҚС қайтару бойынша тексеру тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Сонымен, егер бұрын «Пирамида» есебі ҚҚС қайтарудан бас тартуға әкеп соқтырған барлық жеткізу тізбегіндегі бұзушылықтарды анықтау үшін пайдаланылса, онда 2026 жылдан бастап бұл есеп тәуекелді аймақтарды анықтау құралы ретінде қолданылатын болады. Қайтару кезінде күмәнді жағдайлар болса, қосымша тексеру тағайындалады. Жеткізушілерде бұзушылық табылса, дебеттік сальдо сомалары қайтарылмайды, — делінген хабарламада.

Комитеттің баспасөз қызметі атап өткендей, қабылданған өзгерістер салық рәсімдерінің ашықтығын арттыруға, ҚҚС қайтаруды жеделдетуге және бизнеске әкімшілік жүктемені азайтуға бағытталған.

Бұдан бұрын 2026 жылдан бастап медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектер ҚҚС-тан босатылатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар