Экспорттық шектеу сирек жер элементтерінің бағасын шарықтатып жіберді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-пен тарифтік текетіреске түскен Қытай сирек жер элементтеріне экспорттық шектеу енгізгеннен кейін, бұл минералдардың бағасы бірнеше апта ішінде үш есеге дейін өсіп, тарихи рекорд орнатты. Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.

Nikkei Asian Review ұсынған деректерге сүйенген сингапурлық басылым, электромобильдер мен жел турбиналарының өндірісі үшін айрықша маңызы бар сирек жер элементтерінің бағасы жедел қымбаттап келе жатқанын айтады. Айталық, өнімділігі жоғары магниттер жасауда қолданылатын диспрозий мен тербийдің бағасы өткен бір айдың ішінде үш есеге шарықтап кеткен.
АҚШ-тың «өзара тарифтер» саясатына жауап ретінде Қытай 4 сәуірден бастап сирек жер элементтерінің жеті түріне экспорттық шектеу енгізді. Сарапшылардың пікірінше, шектеулер енгізілгеннен кейін осы сирек жер элементтерінің экспорты күрт тоқыраған.
Басылым британдық Argus Media агенттігінің мәліметін келтірген. Белгілі болғандай, 1 мамырдағы жағдайға сәйкес, Еуропада диспрозийдің бағасы келісіне 850 АҚШ долларына жеткен. Бұл экспорттық шектеулер енгізілген сәуір айының басындағы деңгейден үш есеге жоғары. Ал тербийдің бағасы келісіне 3 000 АҚШ долларына дейін көтерілген.
Басылымның жазуынша, сирек жер элементінің осы екі түрінің бағасы тиісті деректер тіркеле бастаған 2015 жылдың мамыр айынан бергі ең жоғары айлық өсімді көрсетіп, тарихи деңгейге жеткен.
Сирек жер элементтері жеңіл және орташа ауыр болып бөлінеді. Бұл жолы Қытай билігі шектеу енгізген жеті түрлі сирек жер элементі өндіріс көлемі өте аз орташа ауыр топқа жатады. Бұлардың өндірісі негізінен Қытайға тәуелді, сондықтан Қытай бұл салада үлкен басымдыққа ие.
Жапонияның Mizuho Bank компаниясы өндірістік зерттеулер департаментінің аға талдаушысы Такахиро Сатоның айтуынша, экспорттық шектеу енгізілген сирек жер элементтерін басқа елдерде баламалы жолмен өндіру өте қиынға соғады.
Сирек жер элементтері, тіпті өте аз мөлшерде қосылса да, материалдардың қасиетін айтарлықтай жақсарта алады. Сондықтан электрлік көлік, жел генераторы, аэроғарыш сияқты жоғары технологиялық өндіріс салаларында кеңінен қолданылады, олар «өнеркәсіп дәрумендері» деген атқа ие.
Басылымның жазуынша, сирек жер элементтері бағасының күрт өсуі электромобиль сияқты өнімдерде қолданылатын электрлік қозғалтқыштардың құнын айтарлықтай өсіруге тиіс. Бұл турасында Токио университетінің профессоры Тору Окабе жеткізілім тізбегіндегі үзіліс ұзаққа созыла берсе, электромобиль өндірісі тоқырап қалуы мүмкін деп ескертеді.
Бұған дейін АҚШ Қытайдан құны 800 доллардан аз шағын сәлемдемелердің баж салығынсыз әкелінуін тоқтатқаны туралы жазған едік.