Экспорттық шектеулер шаруаларға тек кері әсерін тигізеді – сарапшы

Биыл Қазақстан Президентінің Жолдауында агроөнеркәсіп тақырыбы ерекше аталды. Себебі саланың дамуы қатты қарқын алмай отыр, агроөнеркәсіптегі жалпы қаражаттың 70 пайызы мемлекет есебінен бөлінеді. Сондықтан ауыл шаруашылығын ілгерілетуге тырысып қана қоймай, инвестиция тартуға ұмтылған абзал. Тақырыптың маңызын ескере отырып, Kazinform тілшісі Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленовпен әңгімелескен еді.

 Абай облысында агроөнеркәсіптік кешен саласында жаңа жобалар жүзеге асырылмақ
Фото: Kazinform

 

– Елімізде ауыл шаруашылығына бөлінген субсидиялар және несиелерге қатысты кемшілік бары жиі айтылады. Соның бірі ретінде тиісті қаржының кешіктіріліп аударылуын айтуға болады. Сала маманы ретінде осының жай-жапсарын ашып айтып бересіз бе?

– Негізі Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасқан бір жағдай бар – ауыл шаруашылығын жай шаруа мен диқанның есебінен дамыту мүмкін емес. Сондықтан бұл сала кез келген елде биліктің қолдауымен оңалады. Иә, елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамытуда проблемалар жоқ емес. Бөлінген қаржы кейде уақытында аударылмай, жеткілікті мөлшерде келмей жатады.

Түсінген адамға мал өсіру, дәнді дақыл егу басқа кәсіптер секілді 1 жылда нәтиже бере қоятын іс емес. Мәселен, мал шаруашылығының табысқа шығуы кемі 3 жыл уақытты алады. Дәнді дақыл егу тіпті қиын, кез келген уақытта қуаңшылық болуы мүмкін. Яғни, кәсіптің келешегін болжап білмейсіз.

Биыл агроөнеркәсіпті қаржыландыруға 580 млрд теңге бөлінді. Бірақ тиісті ақша шаруаларға тым кешігіп жетті, 140 млрд теңгесі жыл басында түсті де, қалғаны жазға қалды. Диқандар ертерек қамдануы керек, көктемде егін салып, үздіксіз баптауға тиіс. Ал қаржы жазда түсіп тұрса өнімге не пайдасын береді? Негізі елдегі шаруаларды қамту үшін 580 млрд теңге жеткіліксіз, кемі 1 трлн теңге деңгейіне жеткізу қажет.

Әкпар Мәуленов
Фото: Әкпар Мәуленовтің жеке мұрағатынан

 

Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға қосымша 100 млрд теңге бөлінді. Шарты жақсы, жылдық мөлшерлемесі – 6 пайыз, алғашқы жарна төлемейді. Несиені 1 жыл үзілістен кейін ғана өтеп бастайды. Алайда осы қаржы да жаздың ортасында аударылды. Сонда техникаға мұқтаж болып, несие рәсімдеп қойған шаруаның ісі жаз ортасына дейін тұралады деген сөз.

Бір жақсысы, келесі жылы агроөнеркәсіпке бөлінетін қаржы 750 млрд теңгеге көтерілгелі тұр. Қаражат биыл желтосанда аударылатыны айтылуда. Егер осылай іске асса, шаруаларға көп көмегі тиер еді.

Ал субсидия көлемі жеткіліксіз болып жатқаны онсыз да белгілі. Әр өңірде дау шығып, соңы ұзаққа созылады. Мұнда жемқорлық мәселесі де қылаң беріп жататыны жасырын емес. Сондықтан мәселені салаға жауаптылар толықтай қайта қарастыру қажет.

– Finprom дерегінше, биыл қаңтардан шілдеге дейін Қазақстанда ауыл, орман және балық шаруашылығына тартылған инвестициялар 407 млрд теңгені құрапты. Бірақ бұл ауыл шаруашылығы секторына салынған нақты капиталдық салымдардың 19,4%-ға қысқарғанын көрсеткен. Яғни, агроөнеркәсіп кешеніне тартылатын инвестицияның аз екені айтылуда. Оны арттыру үшін қандай тетіктерді қарастырған жөн?

– Қазақстанның ауыл шаруашылығына инвестиция тартуы – тәуекелге, қаржылық тұрғыда қаупі бар іс. Неге? Бір ғана ауа райының қолайсыздығын айтсақ жеткілікті. Аяқ асты құрғақшылық болса немесе жауын-шашын артық түсіп, кері әсер етсе, еккен егін, төккен тердің ақталарына ешкім кепілдік бермейді.

Менің ойымша, инвестициялардың басым бөлігін қайта өңдеу саласы жағына қарай бұрған жөн. Мысалы, бидайдан крахмал, спирт тәрізді бірнеше өнім шығады. Малдың терісін, жүнін өңдеп, пайданы еселеуге болады. Көрдіңіз бе, инвестицияны қайта өңдеу саласына қажетті технологияларды сатып алуға, инновацияларды жетілдіруге жұмсаған абзал.

– Өз кезегінде шаруалар мен диқандардың да көңілі толмайтын бастамалар бар секілді. Мәселен, еліміздің кей өнімдерді экспорттауға тыйым салуын арагідік сынайтындар кездеседі. Өйткені ішкі нарыққа өнім өткізу тым арзан екен. Жалпы, ірі шаруа мен диқандардың экспортқа ұмтыла бергені дұрыс па, әлде ішкі нарықты бірінші орынға қоямыз ба?

– Осыған дейін айтып келе жатқан бүкпесіз пікір-ұстанымым бар: Үкімет шаруалар мен диқандардың саудасына араласпауы керек. Кей жылдары елімізде қырыққабаттың, пияздың экспортына шектеу қойған уақыттар болды. Нәтижесінде сол өнімдердің біразын бекерге шірітіп алдық, еңбек далаға кетті.

Шетелдік зауыттар жақсы баға беріп тұр ма, шектеусіз алып барсын. Немесе елдегі зауыттар жақсы баға ұсына ма, әкеліп берсін. Қиындататын ештеңесі жоқ, тек саудасының жолын мүлде жаппасын. Әйтпесе экспорттық шектеулер шаруаларға тек қана кері әсерін тигізіп жатыр.

– Елдегі ауыл шаруашылығы техникаларының шамамен 80 пайызы тозған. Ал жаңа техникалар тым қымбат, бағасы үздіксіз өсуде. Бұл мәселелерді шешу үшін елде қазір қандай жұмыстар атқарылып жатыр және ол істерге қандай баға берер едіңіз?

– Қазір елдегі шаруашылық өкілдері лизинг арқылы техниканың 3 пайызын жаңартуға мүмкіндік алып отыр. Дегенмен аз, кемі 10 пайыз шегінде болғаны жөн деп ойлаймын. Шынында саладағы өнімділіктің бәрі тікелей техникалардың жағдайына байланысты. Шетелдік жақсы техника – трактор, комбайндар қымбат, оның үстіне оларға алғашқы тіркеу мен утиль алым қарастырылған.

Дегенмен отандық компанияларда шыққан техникалардың өзі қысқа аралықта 1,5 еседей қымбаттап үлгерді. Шаруаларға субсидия берілген сайын отандық өндірушілер де бағаны көтеріп әлек, бәрін еш кедергісіз өздері белгілейді. Сондықтан отандық өндірушілерге құзырлы органдар тарапынан бақылау керек болып тұр.

Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдетілген несиемен беріп жатыр. Жылдық мөлшерлемесі – 6 пайыз. Бірақ біз қазір салаға жауапты ведомстволарға мөлшерлемені 3 пайызға дейін түсіру бойынша ұсыныс жолдап отырмыз. Азғантай көрінгенімен, бұл шаруалар үшін тіпті үлкен жеңілдік болып, саланың дамуына оң әсер етер еді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар