Экстремистік әрекеттерді насихаттаған шымкенттік 8 жыл 6 айға сотталды
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM - Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экстремистік әрекеттерге шақыру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.

Сот дерегінше, сотталушы 2025 жылдың сәуір мен мамыр айлары аралығында №54 түзеу мекемесінің аумағында жасырын жиындар ұйымдастырып, экстремистік ұйымның көзқарастарына жататын радикалды мазмұндағы жазбаларды оқыған. Ол жиынға қатысушыларды экстремистік әрекеттерге үндеп, заңсыз идеологияны насихаттаған.
Іс материалдарымен сотталушының кінәсі толық дәлелденді. Прокурор айыпталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін мойындап, жеңіл жаза қолдануды өтінді.
Сот үкіміне сәйкес, айыпталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жай ретінде оның асырауында бес жасөспірім баласының болуы ескерілді. Алайда қылмыстың қайталануы ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
Нәтижесінде сот Қылмыстық кодекстің 259-бабының 1-бөлігі және 60-бабының талаптарына сәйкес, оны кінәлі деп танып, оған түпкілікті 8 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысының тұрғыны өзінің туу дерегін 30 жылдан кейін дәлелдегенін жазған болатынбыз.