ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің көшпелі отырысында 4 өңірге қатысты сын айтылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — ЭКСЖ Жобалық кеңсенің көшпелі отырысында жылу беру маусымына дайындық пен Ұлттық жобаны іске асыру мәселелері талқыланды. 

ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің көшпелі отырысында 4 өңірге қатысты сын айтылды
Фото: ЭКСЖ Жобалық кеңсесі

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Павлодарда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының Жобалық кеңсесінің алғашқы көшпелі отырысын өткізді. Қатысушылар өңірлердің алдағы жылыту маусымына дайындығын, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының іске асырылу барысын, жергілікті атқарушы органдардың қатысу рейтингтерін, сондай-ақ бұрын берілген тапсырмалардың орындалуын талқылады.

Отырыс барысында ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асырудың қазіргі кездегі қарқыны, конкурстық рәсімдердің барысы, жобаларды қаржыландыру мәселелері және өңірлердің жөндеу науқанын өткізуге дайындығы қаралды.

Биыл еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Оның 767 млрд теңгесі ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында бағытталды. Бұл жалпы құны 164,8 млрд теңге болатын 37 пилоттық жобаны іске асыруға кірісуге мүмкіндік берді.

ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің көшпелі отырысында 4 өңірге қатысты сын айтылды
Фото: ЭКСЖ Жобалық кеңсесі

459 млрд теңгенің 242 жобасы конкурстық рәсімдер сатысында тұр. 175 нысан бойынша мердігерлік ұйымдар анықталды. Қаржыландыру халықаралық қаржы ұйымдарының, екінші деңгейдегі банктердің қаражаты, «Бәйтерек» холдингінің құралдары, сондай-ақ сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды қоса алғанда, мемлекеттік қолдау шаралары есебінен қамтамасыз етіледі.

Ұлттық жобаны іске асыруға өңірлердің қатысу рейтингіне де ерекше назар аударылды. Мониторинг деректері бойынша, бірқатар өңірлер конкурстық рәсімдерді өткізу және шарттар жасасу бойынша артта қалып отыр. Ең төмен көрсеткіштер Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысы мен Ұлытау облысында тіркелген.

Қанат Бозымбаев барлық қажетті қаржыландыру тетіктері мен мемлекеттік қолдау шаралары қабылданғанын, ал өңірлердің басты міндеті құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақтылы бастау және жобаларды сапалы іске асыру болып қала беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, Павлодар облысы ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру бойынша неғұрлым белсенді өңірлердің бірі ретінде атап өтілді. Өңірде соңғы 30 жылда алғаш рет инженерлік инфрақұрылымның тозуын тоқтатуға қол жеткізілді.

2025-2027 жылдары мұнда жалпы құны 131,6 млрд теңге болатын 55 жобаны іске асыру жоспарланған. Қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 92,4 км болатын жылу және электрмен жабдықтаудың 16 объектісінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Іске асырылып жатқан жобалардың құны 21,7 млрд теңге.

Бұған қоса, Павлодар облысы 2027 жылға арналған жобалар саны бойынша республикада екінші орынға шықты. Олар жалпы құны 109,9 миллиард теңге болатын 39 жобаны қамтитын үлкен өтінім базасын дайындады. Бұл ретте іске асырылып жатқан жобалардағы қазақстандық өнімдер мен мамандардың үлесі (отандық мазмұн) 100%-ды құрап отыр.

ЭКСЖ Жобалық кеңсесінің көшпелі отырысында 4 өңірге қатысты сын айтылды
Фото: ЭКСЖ Жобалық кеңсесі

— Ұлттық жобаны іске асыру үшін барлық қажетті шешімдер мен қаржыландыру тетіктері мемлекет тарапынан қабылданды. Бүгінде өңірлердің негізгі міндеті — жұмысты сапалы үйлестіруді қамтамасыз ету, конкурстық рәсімдерді уақтылы өткізу және құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісу. Павлодар облысының тәжірибесі көрсетіп отырғандай, жинақталған инфрақұрылымдық проблемалардың басым бөлігін жүйелі түрде және белгіленген мерзімде шешуге болады, — деді Қанат Бозымбаев.

Жиынға қатысушылар отандық өнімнің үлесін арттыру мәселесін бөлек талқылады. Ұлттық жоба аясында қазақстандық тауарлар мен қызметтерді көбірек пайдалану, сондай-ақ коммуналдық жүйелерді жаңарту жұмыстарына отандық өндірушілерді белсенді тарту жолдары пысықталды.

Отырыс қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев жұмысы кешігіп жатқан жобаларды тез арада ретке келтіруді және барлық конкурсты қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды.

Сондай-ақ Ұлттық жобаға қазақстандық өндірушілерді тарту бойынша нақты міндеттер жүктелді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне 1 шілдеге дейін отандық тауар өндірушілердің тізілімін (ҚТӨ тізілімі) жаңарту және Электрондық платформаның толыққанды жұмыс істеуіне кедергі болып тұрған кемшіліктерді жою тапсырылды.

Тауарларды Электрондық платформадан тыс және Ұлттық жобаның бекітілген ережелерін айналып өтіп сатып алуға мүлдем болмайтыны ерекше ескертілді. Жауапты мемлекеттік органдарға Жобалық кеңсенің келесі жиынына дейін барлық тапсырманың орындалуын қамтамасыз ету жүктелді. Орындалмай қалған әрбір тапсырма ескеріліп, соның қорытындысында мемлекеттік органдар мен жобаға қатысушылардың жұмысы қаншалықты тиімді екеніне жеке баға беріледі.

Еске сала кетейік, Қанат Бозымбаев Павлодар облысына жұмыс сапары аясында бүгін таңертең Екібастұз қаласында болып, жаңарып жатқан жылу желілерімен танысты

Премьер-министрдің орынбасары сондай-ақ, Ақсу және Павлодар қалаларындағы ЭКСЖ жобаларының іске асырылуын тексерді