Премьер-министрдің орынбасары Павлодар облысындағы ЭКСЖ жобаларының іске асырылуын тексерді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — ҚР Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Павлодар облысына жұмыс сапары аясында Ақсу мен Павлодар қалаларында болып, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын (ЭКСЖ) іске асыру барысымен танысты.
Павлодар облысы соңғы 30 жылда алғаш рет инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейінің өсуін тоқтатып қана қоймай, оны кезең-кезеңімен төмендетуге қол жеткізіп отыр. Бұл коммуналдық саланы жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде мүмкін болған.
Аймақта 2025-2027 жылдары жалпы құны 131,6 млрд теңге болатын 55 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жобалар саны мен бөлінген қаржы көлемі бойынша Павлодар облысы республикадағы көшбасшы өңірлердің қатарында тұр.
Мәселен қазіргі уақытта Ақсуда 1980 –ші жылдары салынған орталық магистральдың бірі жаңғыртылып жатыр. Мұндағы желілердің іс-жүзіндегі тозуы 83%-ға жеткен, соңғы үш жылда бұл учаскеде 19 зақымдану оқиғасы болған. Нысан 9 мыңнан астам тұрғынды, 28 көппәтерлі үйді және 8 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Жобаның іске асырылу көлемі шамамен 30%-ды құрайды.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев құрылыс қарқынына қатаң бақылауды қамтамасыз етуді және жұмыстарды биыл 1 тамызға дейін аяқтауды тапсырды. Жаңғырту жұмыстары жылу шығынын 15-20%-ға төмендетуге және қаланың бүкіл жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ал Павлодар қаласындағы ең проблемалы әрі тозығы жеткен жылу желілерінің бірі — ТМ-20 магистралі қайта жаңғыртудан өтіп, іске қосылды. Бұған дейін пайдаланылып келген ескі жылу магистралінің тозу деңгейі 90%-ға жеткен болатын. Соның салдарынан соңғы үш жылдың ішінде бұл учаскеде 78 технологиялық ақау мен апаттық жағдай тіркеліп, қыс мезгілінде қала тұрғындарын жылумен қамтуда қиындықтар туындап келген. Стратегиялық нысанды қайта құру жобасының құны — 9,7 млрд теңге. Ауқымды құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылы басталып, қазіргі уақытта толық аяқталған. Жоба аясында ЖЭО-1-ден НО-52 учаскесіне дейінгі аралықта диаметрі 1000 мм болатын 6 шақырым құбыр толық ауыстырылған. Нысан алғашқы жылыту маусымын апаттық жағдайларсыз, сәтті өткерді.
Сапар барысында өңірдің жалпы көрсеткіштері қаралды. Павлодар облысы бойынша ЭКСЖ платформасында барлығы 69 жоба қалыптастырылған. Жалпы сомасы 43,9 млрд теңгеге 38 жоба іске асырылуға толық дайын. Қазіргі кезде 6 жоба белсенді құрылыс кезеңінде.
Ұлттық жобаның экономикасы мен тарифтік саясатын бағалай отырып, Премьер-Министрдің орынбасары бүгінгі таңда тарифтердің өсуі кәсіпорындардың инвестициялық қажеттіліктерін өтемейтінін, алайда халыққа түсетін жүктеме қатаң бақылауда және негізделген болуы тиіс екенін атап өтті.
— Бұл жерде екіұшты жағдай туындап отыр: тарифтерді онша көтере алмайсың, себебі ол халық пен кәсіпорындардың төлем қабілеттілігіне негізделеді, бірақ инфрақұрылым да ескіреді. Биыл ел бойынша тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін жаңартуға шамамен 1,14 триллион теңге инвестиция бөлінеді. Бұл жыл сайын бөлінетін қаржыдан бірнеше есе көп. Біздің міндетіміз — 2029 жылға қарай республика бойынша коммуналдық желілердің тозуы деңгейін 50%-дан әрі төмендету, — деді Қанат Бозымбаев.
Премьер-Министрдің орынбасары тарифтердің өзгеруі кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға ерекше назар аудару керектігін ескертті. Қазақстанда тұрғын үй жәрдемақылары жүйесі жұмыс істейді, ол қазір толығымен цифрландыру форматына көшіріліп жатыр.
— Тұрмысы жақсы адамдар тарифті тиісінше толық төлеуі керек, ал табысы аз азаматтар мемлекет қорғауында болады. Егер бір отбасының коммуналдық қызметтерге жұмсайтын шығыны белгіленген шектен (орташа есеппен жалпы табысының 10%-ынан) асып кетсе, одан асқан соманың бәрін әкімдік жергілікті бюджеттен тұрғын үй субсидиясы ретінде төлеп береді. Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл қызметті цифрлық форматқа көшіріп жатыр, күзге дейін ол eGov порталында қолжетімді болады. Осылайша, өтінім бойынша көмек автоматты түрде есептелетін болады, — деп қорытындылады Қанат Бозымбаев.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша құрылыс кестелерін қатаң сақтау және облыстың бүкіл коммуналдық инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Еске сала кетейік, Қанат Бозымбаев Павлодар облысына жұмыс сапары аясында бүгін таңертең Екібастұз қаласында болып, жаңарып жатқан жылу желілерімен танысты.