Эквадор парламенті экс-президентті жемқор деп таныды

Бейсенбі күні Эквадор парламенті бұрынғы президент Гильермо Лассоны мемлекет қаражатын жымқырды деп танып, ақпаратты прокуратураға жолдады. Kazinform бұл туралы ТАСС жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.

эквадор
Фото: pixabay.com

«Қолдап, 116 дауыс берілгеннен кейін Ұлттық ассамблея Гильермо Лассоны ұрлығы үшін саяси жауапкершілікке тартылуы тиіс деп шешіп, прокуратура мен қадағалау органына тиісті тергеуді бастау үшін саяси процестің барлық құжаттарын жіберді», – делінген Парламенттің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Заң шығарушылар Г.Лассоның FLOPEC мемлекеттік мұнай тасымалдаушы компаниясының сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деп санайды. Бұл ретте парламентшілер экс-президентке мемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым сала алмайтындықтарын мойындады, өйткені бұл ел конституциясында көзделмеген.

Өкілеттік мерзімі 2025 жылы аяқталуы тиіс болған Г.Лассо биылғы 17 мамырда Ұлттық ассамблеяны тарату, мерзімінен бұрын президент және парламент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды. 17 қарашада заң шығарушы органның жаңа құрамы жұмысқа кірісті, ол экс-президенттің кінәсі туралы мәселені қарауды жалғастыруға шешім қабылдады. 23 қарашада Даниэль Нобоа президент қызметіне кірісті. Келесі парламенттік және президенттік сайлау Эквадорда 2025 жылы өтуі тиіс.