Эквадорда президенттікке кандидатты атып кетті

КИТО. ҚазАқпарат – Эквадор президенттігіне үміткер, елдің Ұлттық жиналыс депутаты Фернандо Вильявисенсио сәрсенбі күні ел астанасы Китода сайлауалды кездесуден кейін мерт болды. Оның басына үш рет оқ атылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.
None
Фото: pixabay.com

Оның сайлауалды тобының мүшесі жергілікті БАҚ-қа хабарлағандай, Вильявисенсио машинаға отырған кезде ер адам оған жақындап, басына оқ атқан. Оның қазасын қазіргі президент Гильермо Лассо әлеуметтік желіде растады. Куәгерлер Вильявисенсиоға үш рет оқ атқанын мәлімдеді, атқан адам оқиға орнынан қашып кеткен.

Эквадорда есірткі картельдерінің көбеюінен туындаған зорлық-зомбылық қылмыстарының артуы Ф.Вильявисенсионың сайлауалды бағдарламасының басты мәселесі болды.

Өткен айда президент Г.Лассо ұйымдасқан қылмысқа байланысты бірқатар кісі өлімі болғаннан кейін 3 провинцияда төтенше жағдай және түнгі коменданттық сағат жариялады. Қауіпсіздіктен басқа, Ф.Вильявисенсионың сайлауалды бағдарламасы сыбайлас жемқорлықпен күресуге және қоршаған ортаның бұзылуын азайтуға бағытталған. Өткен аптада оған және оның командасына есірткі сатумен байланысты банданың жетекшісі қоқан-лоққы жасағаны айтылған болатын.

Полиция Эквадор президенттігіне үімткер Фернандо Вильявисенсионы өлтірді деген күдікпен екі адамды ұстады. Бұл туралы сәрсенбіде Ecuavisa хабарлады. Мәлім етілгендей, саясаткерге үш адам оқ атқан. Полиция үшіншісін іздеп жатыр.

Елде президент сайлауының бірінші туры 20 тамызға жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар