ЕҚЫҰ Бас хатшысы: Қазақстан – өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты ойыншы

None
Фото: osce.org
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Хельга Шмид маусым айының басында Қазақстанға келіп, ел басшылығымен кездесіп, Астана халықаралық форумына қатысты. ҚазАқпарат тілшісінде берген эксклюзив сұхбатында Хельга Шмид өзінің жуырдағы сапары, Қазақстанмен ынтымақтастығы, сондай-ақ қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін шешу басымдықтары мен жолдары туралы айтып берді.

- Қазақстанға сапарыңыздың мақсаттары туралы айтып беріңізші? Ел басшылығымен және азаматтық қоғам өкілдерімен қай салалардағы ынтымақтастық талқыланды?

- Маған Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында сөз сөйлеу мәртебесі берілді, ал қазір Қазақстан Президентіне форум жұмысына халықаралық қатынастарға жаңа талғам әкелгені үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіз. Бұл дер кезінде ұйымдастырылған іс-шара және диалог пен ынтымақтастықты негізгі жаһандық мәселелерді шешу құралы ретінде алға шығаратын маңызды платформа, бұл біздің ЕҚЫҰ-дағы жұмысымызбен үндеседі.

Сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен және басқа да билік өкілдерімен кездестім. Мен өткізген көптеген пікірталастар аймақтық ынтымақтастық пен келісімді тереңдетуге, шекара мәселелері, энергетикалық қауіпсіздік және климаттың өзгеруі сияқты жалпы мәселелерге арналды. Өйткені, бұл сын-қатерлерді еңсеруге бірлескен және жан-жақты күш-жігер ғана көмектеседі. Климаттың өзгеруі – шұғыл назар аударуды қажет ететін ерекше қауіп. Президент 7 шілдеде Венада өтетін Климаттық конференцияға Қазақстан атынан Экология министрін тағайындағанына қуаныштымын. Конференцияға Орталық Азия, Еуропа және бүкіл ЕҚЫҰ аймағының министрлері қатысады.

Фото: akorda.kz

Сондай-ақ, мен Экология министрі Зүлфия Сүлейменоваға Құрық портына арналған Eco-Port халықаралық сертификатын тапсыру құрметіне ие болдым. Бұл халықаралық деңгейде бекітілген экологиялық менеджмент стандарты сауда мен қоршаған ортаны қорғаудың қалай қатар жүретінін көрсетеді. Сертификат ЕҚЫҰ мен Қазақстан арасындағы табысты ынтымақтастықтың нәтижесі болып саналады және оны мақтан тұтамын.

- Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бері ЕҚЫҰ-ның белсенді мүшесі болып келеді және 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ саммиті өтіп, Астана Декларациясы қабылданды. Қазақстанның ұйым бастамаларына қосқан үлесін қалай бағалайсыз және біздің ел аймақтық тұрақтылықты нығайтуда қандай рөл атқарады?

- Бұл маңызды межелер 1999 жылы Астанада ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі құрылғаннан бері айтарлықтай нығайған ЕҚЫҰ мен Қазақстан арасындағы ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды көрсетеді. Содан бері Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға қосқан үлесі аймақтық тұрақтылықты нығайтуда шешуші рөл атқарды. Өзіңіз атап өткендей, бұған дәлел – 2010 жылғы табысты төрағалық, Астана саммиті және Астана декларациясы, ол қазір де маңызды құжат болып саналады.

Сол сияқты, ЕҚЫҰ әлі де Қазақстанға оң қабақ танытады. Біздің Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің қызметкерлері мұны күн сайын үкіметпен, азаматтық қоғаммен, академиялық ортамен, жеке сектормен және халықаралық қоғамдастықпен байланысты нығайтып, елге кешенді реформалар бағдарламасында қолдау арқылы дәлелдеп келеді. Бұл әсіресе ЕҚЫҰ аймағында бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік сын-қатерін, соның ішінде Украинадағы соғыс салдарын және Ауғанстандағы тұрақсыздықты ескерсек, өте маңызды. Бұл қиындықтарға бәріміз бетпе-бет келдік, әсіресе Орталық Азияда қатты сезіледі. Оларды шешудің ең тиімді жолы – аймақтық ынтымақтастық. Қазақстан бұл өңірде жетекші рөл атқарады, бұл тұтас әлемнің көшбасшыларын жинаған Астана халықаралық форумында көрініс тапты.

- ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлауларға өз байқаушыларын тұрақты түрде жібереді, байқаушылар 2022 жылғы қарашадағы Президент сайлауына және 2023 жылғы наурыздағы Парламент сайлауына келді. Бұл сайлау процестерін қалай бағалайсыз және олар Қазақстанның саяси болашағын қалай анықтайды?

- Демократиялық сайлау – ұзақ мерзімді қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызды негізі. ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттер сайлауды ЕҚЫҰ стандарттарына және басқа да халықаралық стандарттарға сәйкес өткізуге міндеттеледі.

ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің шақыруымен, дәлірек айтқанда, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі біздің бюро (ДИАҚБ) сайлауды бақылайды және процесті жақсарту бойынша ұсыныстар береді. Біз дауыс беру процесінің өзін ғана емес, саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына бірдей қол жеткізе алғанын немесе белгілі бір топтардың өз кандидатураларын ұсынуда кедергіге ұшырамауын қарастырамыз. Түрлі елде жағдай әртүрлі болғанымен, жақсарту мүмкіндіктерін ЕҚЫҰ-ға қатысушы барлық мемлекеттерде табуға болады. ЕҚЫҰ ретінде біз кез келген кемшіліктерді жоюға тырысамыз, бұл үшін біздің Астанадағы бағдарламалар кеңсесі ДИАҚБ ұсынымдарын орындайтын Қазақстан билігімен тығыз ынтымақтастықта.

- ЕҚЫҰ елдегі демократиялық өзгерістер мен тиімді басқаруға қалай қолдау көрсете алады?

- Тұрақты демократиялық даму күшті институттарды, белсенді азаматтық қоғамды және заң үстемдігін сақтауды талап етеді. Үкімет және Парламент өкілдерімен кездесулерде өршіл реформалар туралы айтылды, оларға тұтас ЕҚЫҰ, Венадағы институттарымыз да, Астанадағы бағдарламалар кеңсесі де қолдау көрсетуге дайын екенін айттым. ЕҚЫҰ жергілікті жердегі қызметкерлер арқылы Қазақстанның осы саладағы ресми тұлғаларымен тығыз ынтымақтастықта. Бұл ынтымақтастыққа адам құқықтарын, негізгі бостандықтарды қорғауда және ЕҚЫҰ шеңберіндегі міндеттемелерді орындауда маңызды рөл атқаратын азаматтық қоғам ұйымдары да кіреді.

Оған қоса, мен әрдайым барлық сапарымда азаматтық қоғам өкілдерімен кезедсуге тырысамын, Қазақстанда да осындай кездесу өтті. Біз демократиялық сайлау мен БАҚ бостандығын қорғаудың маңыздылығын талқыладық, олар маған қазіргі қиындықтары туралы айтып берді. Біз сондай-ақ қазіргі таңда көптеген елдердегі маңызды тақырып – азаматтардың цифрлық құқықтарын және жеке компаниялардың телефон арқылы азаматтардың деректеріне қол жеткізуі секілді сын-қатерлерді де талқыладық.

- Гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту ЕҚЫҰ жұмысының маңызды аспектілері болып отыр. Осы салада қандай бастамалар мен бағдарламалар іске асырылуда?

- Гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту – ЕҚЫҰ жұмысының негізгі іргетасы және жүрегіме жақын мәселелер. Жақында мен әйелдердің халықаралық қауіпсіздіктегі рөлін арттыру жөніндегі міндеттемеміз аясында Бейбітшілік саласындағы әйелдер көшбасшылығы бағдарламасын және «Жас әйелдер бейбітшілік үшін» бастамасын іске қостым.

Фото: gov.kz

ЕҚЫҰ ретінде біз әйелдердің қоғам өмірінің барлық аспектілеріне толық және тең қатысуына жәрдемдесу міндеттемесін алдық. Осы мақсатта біз әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге қатысуын қолдау, экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша әртүрлі бастамалар мен бағдарламаларды жүзеге асырамыз. Мысалы, бізде Орталық Азиядағы энергетикалық секторда жұмыс істейтін әйелдерді қолдау жобасы бар, себебі бұл секторда негізінен ерлер басым.

Астанада біздің Бағдарламалар кеңсесі Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорымен бірлесіп, әйелдердің саяси, әлеуметтік және экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша курстар ұсынады. Оның екі мүшесі 2023 жылғы жергілікті сайлауға сәтті қатысқанын мақтан тұтамын. Біз гендерлік теңдік пен әйелдер құқығын ілгерілетуде, сондай-ақ әрбір адам қоғамның дамуы мен әл-ауқатына өз үлесін қоса алатын ортаны құруда Қазақстанмен тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз.

- ЕҚЫҰ мен Қазақстанның серіктестігінен Бас хатшы ретінде қандай нәтиже күтесіз және ол Орталық Азиядағы өңірлік тұрақтылық пен ынтымақтастыққа қалай ықпал ете алады?

- Қазақстанның өңірлік интеграцияны ілгерілетудегі міндеттемесі мен тәжірибесі сөзсіз оны ерекшелейді. Қазақстан – өңірлік қауіпсіздікті, экономикалық өркендеуді және адами дамуды қамтамасыз етудегі негізгі ойыншылардың бірі. Бұл біздің серіктестігімізден де көрінеді. Мен Қазақстанның ЕҚЫҰ хатшылығымен және институттарымен сындарлы өзара іс-қимылы мен тығыз ынтымақтастығын жоғары бағалаймын. Біз бірлесіп, шекара қауіпсіздігін басқаруды нығайтудамыз және киберқылмысты қоса алғанда, трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы тұрып келеміз. Климаттың өзгеруі сияқты аймаққа ауыр зардаптары бар жаһандық мәселелерді де шешіп жатырмыз.

- Бүгінде ЕҚЫҰ алдында тұрған қиындықтарды қалай сипаттайсыз және болашақта Еуропадағы қауіпсіздік механизмдері қаншалықты өзгереді?

- О баста ЕҚЫҰ көзқарастары бір-біріне кереғар мемлекеттер арасындағы диалог алаңы ретінде құрылған еді. Жеке өзім келіспеушіліктерді ашық талқылауға болатын ЕҚЫҰ сияқты инклюзивті алаңдар қажет болып қалатынына сенімдімін. Біз кең ауқымдағы қауіпсіздік мәселелеріне кезігіп отырмыз және олардың қандай да бір нақты шекарамен шектелмейтінін білеміз. Қауіпсіздік көршілес аймақтардың қауіпсіздігімен тығыз байланысты және диалогқа, сенімді нығайтуға және барлық қатысушы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа деген адалдығымызды сақтау мен нығайту әлі де маңызды.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


Соңғы жаңалықтар