ЕҚЫҰ-ға төрағалық еліміздің әлемдік саясаттағы жеңістерінің жемісі - депутат З. Алшымбаев

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Зейнолла Алшымбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалығының ресми басталуы - бұл әлдебіреулерді сендіруге тырысатындай қатардағы саяси оқиғаның бірі емес. Бұл кешегі отарланған республиканың дербестігін алғанына азғантай уақыт өтпей жатып, өз тәуелсіздігін әлемге паш етуі деп білеміз. Танытып қана қоймай, Қазақстанның дүниедегі беделді ұйымға басшылық етуі елдігіміздің, теңдігіміздің мойындалуы ғана емес, мәртебеміздің асқақтауы. Бұл құрмет отанымыздың әлемдік саясаттағы жеңістерінің жемісі, Елбасының әлемге танылған зор беделінің көрінісі. Сондықтан ЕҚЫҰ аясындағы шараларға Қазақстан Парламенті де белсенді қатысады», деген депутат осындай салтанатты шара үшін әріптестерін құттықтады.