ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету – Қазақстанның жұлдызды сәті - Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ә. Жолшыбеков

СТАНА. Шілденің 8-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп отыр. Халықаралық деңгейдегі осы бір беделді ұйымға жетекшілік жасау миссиясы елімізге үлкен сеніммен тапсырылды. Бұл міндетті атқарудағы Қазақстанның рөлі, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты, атқарылған ауқымды істер туралы
None
None

ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков өз ойларын ортаға салды.

- Әмзебек Рысбекұлы, Сіз Парламент Мәжілісіндегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жетекшілік етесіз. Еліміздің барлық сыртқы саясатына қатысты мәселелер Сіздің комитет арқылы өтеді. Осы орайда Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы беделі жөнінде, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі рөлі туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз.

- Қазір Қазақстан - әлем назарындағы ел. Тарих сахнасына жаңадан қадам басқан 2010 жылдың алғашқы күнін Қазақстан Республикасы халықаралық беделді ұйым - Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық ету қызметінен бастады. Өткен жылғы желтоқсанның 1-2-сі күндері Афиныда өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің 17-ші отырысында осы ұйымға төрағалық етіп келген грек тарапы Қазақстанға ЕҚЫҰ төрағалығын ресми түрде тапсырғанына барлығымыз куә болдық.

Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ төрағалығына бірден бел шешіп кірісіп кетті. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету міндеті - ТМД елдерінен және мұсылман жұртының арасынан алғаш рет бізге сеніп тапсырылып отыр. Мұның өзі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы, сарабдал басшылығымен тәуелсіздігіміздің 18 жылында еліміздің халықаралық саясат сахнасында беделі арта түскендігінің, еліміздегі тұрақтылық пен өркендеудің зор айғағы деп білемін.

2009 жылдың 22 желтоқсанында елімізде тіркелген дипломатиялық корпустың өкілдерімен Ақордада өткен кездесуінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «ЕҚЫҰ-ға төраға болып сайлану - Қазақстанға деген еуропалық және әлемдік қауымдастық тарапынан зор сенімге ие болып отырғанымыздың арқасы»,- деп, бұл миссияның қазақ елі үшін аса маңыздылығы мен үлкен жауапкершілігін анық айтты. Одан әрі ЕҚЫҰ қызметін қамтамасыз ететін қауіпсіздік, экономикалық және гуманитарлық саладағы тепе-теңдікті сақтау еліміздің алдына қойылған жаңа міндеттер екенін атап өткен болатын.

Ашығын айту керек, төр­­ағалық қызметі үлкен беделі­мен, мәртебесімен қоса, барлығымызға айрықша мін­деттер жүктейді. Сондай-ақ бүкіл әлем елдерінің, оның ішінде атал­ған ұйымға мүше мемлекет­тер­дің жүктеп отырған зор сенімі тағы бар. Бұл жауапты жұмыстан беде­лімізді түсірмей, абыройы­мызды асқақтатып шығу үшін тек Елбасы беделі мен отандық дипломатия­ның табанды жұмысы ғана емес, сонымен бірге біз сана­лы қоғам ре­тін­де, бүкіл халық бо­лып жұмыла жұ­мыс жасап, барын­ша қолдау көр­сетуге баршамыз мүдделіміз деп ойлаймын. Себебі бұл - біздің елі­міз­дің басқа дүниежүзі елдерімен те­ре­зесі теңескен күн, туған еліміз­ Қазақстан Республикасының асқақтаған абы­ройы!

Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға және бүкіл әлемге ағылшын тілінде алғанда төрт "Т" ұранымен ай­шық­­талған құндылықтарды ұсы­нып отыр. Еліміздің төрт негізгі ұстанымы мемлекеттік және ағылшын тілінде: Сенім (Trust), Дәстүр (Tradіtіon), Ашықтық (Transpa­ren­cy), Төзім­ділік (Tolerance).

- Осы төрт ұстанымды ашып айта кетсеңіз?

- Бұл ұстанымның тереңіне үңілсек, елдеріміздің бір-біріне се­нім­ділігі, ЕҚЫҰ негізгі қағидат­та­ры мен құндылық­та­ры­на беріктік, халықаралық қаты­наста барынша ашықтық, яғни ай­қындылық, "екі­ жақты стан­дарт­тан" және "бөлу сызықтары­нан" еркін болу, ай­мақ­тық қауіп­сіздікке төнетін қауіп­тер­мен бірлесіп кү­ре­суде жағымды ынтымақ­тас­тық­та негізделу, мәдениетара­лық және өркениетаралық үнқаты­су­ды жаһандық негізде нығайту болып табылады.

- Жалпы, ЕҚЫҰ - өзіндік тарихы бар ұйым. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихына аз-кем шолу жасап өтсеңіз?

- Бүгінде құрамына 56 мемлекет еніп отырған осы халықаралық ұйым - Солтүстік Американың, Еуропаның, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияның көптеген мемлекеттерінің басын қосқан ірі өңірлік құрылым. Оның жауапкершілік аймағы үш құрлықтың ауқымды аймағын қамтып, Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктің аралығында созылып жатыр. Аталмыш ұйым тарихының бастауы 1970 жылдардың бас кезінен, яғни, НАТО мен социализм елдерінің арасындағы диалог үдерісін жеделдеткен 1968 жылғы Чехословакиядағы оқиғалардан кейін басталды.

1970 жылдардың бірінші жартысында өткізілген бейтарап Хельсинки мен Женевадағы көптеген келіссөздерде ынтымақтастық ахуалы біртіндеп идеологиялық күресті ығыстыра түсуіне ықпал етті. 1975 жылы Шығыс пен Батыстың арасындағы диалогты жолға қою мақсатымен Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық кеңесі деп аталатын көптарапты форум шақырылды. Онда қабылданған Хельсинки қорытынды актісі, яғни «Хельсинки диалогы» мемлекеттердің арасындағы қатынастардың принциптерін айқындап берді. Сондай-ақ бұл құжат бірқатар салаларда ынтымақтастықты дамытудың нақты қадамдарын белгіледі.

1994 жылғы Будапешт саммитінде Кеңес Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) деп аталатын жаңа мәртебесіне ие болды. ЕҚЫҰ бүгінде еуроатланттық және еуразиялық қауіпсіздік архитектурасының маңызды бөлігі болып табылады.

- 1991 жылы желтоқсанның 16-сы күні өз тәуелсіздігін алған Қазақстан өзге елдермен ынтымақтастық байланыс орната бастады. Сонымен қатар әлем елдері санасып отырған халықаралық ұйымдарға мүше болды. Еліміздің ЕҚЫҰ-мен байланыс орнатуы да тарихи оқиға екені анық. Енді осы туралы?

- Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 1992 жылдан бері тұрақты мүше болып келеді. Әлемдік державалар мен беделді халықаралық ұйымдардың, оның ішінде ЕҚЫҰ-ның Қазақстанның саяси және экономикалық дамуына кезінде зор қолдау көрсеткенін айтпай кетуге болмайды. 1992 жылдардағы еліміздегі жағдайдың қандай болғаны белгілі. Кеңестік жүйе құлағаннан кейін өз алдына түтін түтетіп, дербес шаңырақ құрған бұрынғы кеңестік республикалардың өз проблемалары өздеріне жеткілікті болды. Бұрынғы экономикалық байланыстар үзілді, соның ішінде Одақ тұсында шикізаттық база болып келген, индустриясы орталыққа бағынған Қазақстан бәрін де тың жерден қайтадан басынан бастауға тиіс болды. Кейбір сәуегейлер Қазақстанның өз алдына өмір сүруіне күмәнмен қарады. Осындай жағдайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасында нарықтық экономиканың негіздері қаланып, «әуелі экономика, содан кейін - саясат» ұстанымымен көшімізді түзей бастадық, мемлекеттіктің негізгі атрибуттары жасалды, елімізде ішкі тұрақтылықты сақтау арқылы саяси жүйе дамуының демократиялық векторы орнықты, БҰҰ-ға мүше болдық. Сол тұста әр түрлі ұлтаралық кикілжіңдерге бой алдырған кейбір жас мемлекеттердің талай қиыншылықтарға ұшырағаны баршамызға мәлім. Қазақстан сол кездің өзінде әлемдегі төртінші ядролық сынақтан бас тартып, Семейдегі ядролық сынақ аймағын жауып, АҚШ, Ресей, Қытай сияқты іргелі елдердің қолдауына ие болып, өзінің бейбітшіл саясатымен, ішкі тұрақтылығымен тікелей шетелдік инвестициялар ағынын өзіне қарай бұра білді.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен қарым-қатынасын бірнеше кезеңге бөліп қарастыруға бо­лады. Алғашқысы - 1994-1997 жыл­дар, бұл - ықпалдасу ірге­та­сының қаланған кезеңі. Мұндағы елеулі оқиға 1995 жылы Вена қаласында Қазақстанның тұрақты өкілдігінің ашылуы болды. 1998 жылғы желтоқсанның 2-3-і күндері ЕҚЫҰ мен Қазақстан Үкіметі арасында өзара түсіністік туралы, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметі мен ЕҚЫҰ/БДИПЧ арасында өзара түсі­ніс­тік туралы меморандумдарға қол қойылды. 1999 жылғы қаңтарда Алматыда ЕҚЫҰ-ның орталығы ашылды. Ал 2008 жылғы маусым айынан бастап Астанадағы ЕҚЫҰ Орталығын А.Кельчевски (Франция) басқарады.

ЕҚЫҰ-ға мүше болған жылдар ішінде Қазақстан Республикасы осы құрылыммен оның барлық қызметінің саласы бойынша өзара қарым-қатынастарын жоғары деңгейге жеткізу бағытында жұмыс істеп келеді. БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі Өкілінің кеңсесі, Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы Комиссар кеңсесі және Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро тәрізді Ұйым институттарымен тығыз байланыста болып, нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.

- Әр істің бастауы болады. Мемлекетіміздің аталған ұйымға жетекшілік жасау ниеті қашан басталды?

- ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ту­ра­лы ниетін Қазақстан 2003 жылы білдірген болатын. Осы ниетке Елбасының 2005 жылғы "Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғыру жо­лын­да" атты халыққа арнаған Жолдауында арнайы басымдық берді.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалық етуіне 2005 жылы Қазан қаласында ТМД басшыларының саммитінде қолдау көрсетілді, Ұйымның көптеген елдерімен қарым-қатынастар барысында осы идеяны ілгерілету жөнінде көптеген шаралар дәйекті жүргізілді.

Қазақстан осынау халықаралық ұйымға төрағалық ету ниетін білдіре отырып, оған әзірлік барысында көптеген саяси шешімдерді қабылдады, өзінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында көптеген белестерден өтті.

- Бастапқыда Қазақстанға ЕҚЫҰ-ның талап-тілектері де аз болған жоқ. Соны орындаудағы елімізде атқарылған қандай істерді атап өтер едіңіз?

- Бір кездері халықаралық ұйымдардың белсенді қолдауына ие болған еліміз ең алдымен ЕҚЫҰ ұсыныстарына сәйкес елде кең ауқымды саяси реформаларды жүзеге асыруға бел шеше кірісті. Оның ішінде 2007 жылы жүргізілген Конституциялық реформалардың маңызы үлкен. Соның нәтижесінде елімізде «Саяси партиялартуралы», «Сайлау туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, Парламенттің және жергілікті мәслихаттардың рөлі анағұрлым арттырылды, Қазақстан президенттік республикадан президенттік-парламенттік республикаға айналды, халық пен билік арасындағы көпір тәрізді үкіметтік емес ұйымдардың рөліне аса маңыз берілді. Қазақстандағы тұрақтылық пен дамудың маңызды институттарының бірі - Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі ұлғайып, оның 9 өкілі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты мәртебесіне ие болды. Қазақстандағы ұлтаралық келісім мен татулықтың бірегей тәжірибесі әлем елдеріне үлгі-өнеге ретінде таратыла бастады.

Жақында 2009-2012 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы Ұлттық іс-қимыл жоспары және 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды. Соның нәтижесінде Қазақстанның заңнамалары халықаралық стандарттарға едәуір жақындай түсті. Таяуда әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктері, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы заңдар қабылданды, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға түзетулер енгізілді. Қазақстанның елді демократияландыру саласындағы одан әрі қадамдары толық көлемінде ЕҚЫҰ төрағалығы ауқымындағы мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін болуы тиіс деген міндеттемелер алып отырмыз.

- Аталған ұйымның ұсыныстарынан бөлек, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан іргелі істердің маңыздылығы жөнінде қандай пікір қосасыз?

- Ең бір елеулі мәселе - Қазақстанда Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезі өткізіліп, еліміз «өркениеттер диалогын», Батыс пен Шығыстың үнқатысуын өрістетуге үн қосты. Мұсылман әлемі мен Батыс елдерінің саяси көшбасшылары арасындағы диалогты ұйымдастыру туралы Қазақстанның бастамасы да халықаралық қауымдастықта жоғары бағаланды және біздің шетелдік әріптестеріміздің толық қолдауына ие болды.

Астанада 2008 жылғы қазанның 17-сінде өткізілген «Ортақ әлем: әралуандық арқылы прогреске» атты конференциясына қатысушылардың жоғары деңгейі осының нақты дәлелі болып табылады. ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа әзірлік кезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы Еуроодақ елдерімен ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге бастаған сындарлы қадам болды. Бүгінде осы бағдарламаның арқасында Қазақстанның Еуропа елдерімен әлеуметтік-саяси ықпалдасуы, гуманитарлық ынтымақтастығы жаңа арнаға түсті. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төралық ету барысында көптеген маңызды мәселелерді алға тартып отыр. Айталық, еліміздің осы Ұйым шеңберінде Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті нығайту, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру сияқты алға қойып отырған жоспарлары бар.

- Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі жүгі қандай?

- 2010 жылы Қазақстан бүкіл әлем алдында тұрған ортақ қауіптер мен қатерлерге байланысты мәселелерді шешу үшін Ұйымның тиімді саяси диалог тұғырнамасының маңызды рөлін атқаруды жалғастыруға барлық күш-жігерін жұмсауда. Осы мәселенің маңызын түсінген Президент Н.Назарбаев Хельсинки қорытынды актісіне қол қойылғанына 35 жыл, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 65 жыл, жаңа Еуропа үшін Париж хартиясына 20 жыл толуына орай Астанада ЕҚЫҰ саммитін ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі ауқымында азаматтық өлшемдер жөніндегі негізгі құжат - Копенгаген құжатының 20 жылдығына арналған конференция өткізуге ерекше назар аударуда. Бүгінде, Ыстамбұлдағы жоғары деңгейдегі кездесуден кейін 11 жылдай өткен соң бүгінгі қатерлерге жоғары деңгейде тиісті баға берілуі және Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ынтымақтастық жөніндегі ЕҚЫҰ-ның таяудағы келешектегі басымдықтарын белгілейтін сәт туды.

Ұйымға төрағалығы басталғалы Қазақстанның қазірдің өзінде атқарған жұмысы аз емес. ЕҚЫҰ-ның қазіргі Іс басындағы төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың маңызды іссапарлары бізге көрсетілген сенімді ақтау үшін еліміз қандай күш-жігер жұмсап жатқанын көрсетеді. Қазақстанның аталған ұйымның барлық үш өлшемі бойынша, әсіресе, қауіпсіздік саласындағы белсенділігі айқын көрінуде. Қ.Саудабаев Ауғанстанда да болды. Ол Лондонда өткен Ауғанстан бойынша арнайы халықаралық конференцияға қатысты. Ол ағылшындар «аяқталмаған» деп атайтын, ұзаққа созылған Таулы Қарабақ проблемасына көңіл бөлуде. Қ.Саудабаев Арменияда және Әзірбайжанда болып, осы елдердің Президенттерімен кездесті, олармен проблеманы реттеу жолдары жөнінде келіссөздер жүргізді. Енді тағы бір проблема - Днестр бойы - оған да белгілі бір деңгейде назар аударылуда.

Биылғы жылы ең басты жұмыс Венада басталды. Онда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының таныстырылымы болды. Ол да ойдағыдай өтті. Біздің Президентіміздің ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесі мүшелеріне бейнежолдауын жұршылық зор ынтамен қабылданды. Өйткені Президент қауіпсіздік, экономика және экология, гуманитарлық салалардың ең өзекті мәселелерін қозғады. ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша лайықты үлес қосу мақсатында Қазақстанның бастамасымен үстіміздегі жылдың мамыр айының 14-16-сында «ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі» Трансазиялық парламенттік форумы өтті. Бұл парламенттік басқосуға 350-ге тарта делегат келді. Атап айтқанда, әр түрлі елдердің ұлттық парламенттерінің депутаттары және халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты. Траназиялық форумды өткізудегі негізгі мақсат экономикалық мәселелер мен лаңкестікке және есірткі бизнесіне қарсы күрес жұмыстарына бағытталды. Форумның арнайы сессияларының бірінде бүгінде күрделі саяси және экономикалық жағдай туындап отырған Қырғыз Республикасындағы орын алған келеңсіздіктерге арналды.

- Және қандай проблемаларға баса мән берілуде?

- Бүгінде Қазақстан ЕҚЫҰ мемлекеттерінің бұрынғы төрағаларының дәстүрлерін жалғастыра отырып, Ұйым кеңістігіндегі экологиялық қауіпсіздік проблемасы аса маңызды болып қалып отырғанына алаңдаушылық білдіреді. Олардың арасындағы ең қатерлісі - Арал теңізінің қасіреті. Осы орайда Ұйым осы проблеманы шешу үшін өзінің әлеуетін толығымен пайдалануы тиіс. Сондай-ақ ЕҚЫҰ ауқымында барлық мүдделі тараптардың ұстанымдарын, сондай-ақ энергетикалық держава ретіндегі Қазақстанның қомақты әлеуетін ескере отырып, энергетика қауіпсіздігі проблемасы бойынша диалогты жалғастыру қажет екендігіне назар аударады.

ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету алдыңғы қатарлы меммлекеттердің бірі ретінде Қазақстанның беделі арта түсуіне жол ашатын, іскерлік және қоғамдық топтар арқылы халықаралық қаржы және экономикалық құрылымдардың өңірдегі тұрақтылық негізі болып табылатын біздің мемлекетімізге деген сенімін арттыратын маңызды саяси оқиға болмақ. Бұл міндеттерді жүзеге асыру басқа да көптарапты ұйымдар аясында, екі жақты қатынастар форматында біздің позициямызды нығайтатын болады, отандық дипломатиялық қызмет пен мемлекеттік қызметтің кәсіби деңгейін көтереді. Халықаралық беделді ұйымға төрағалық ету еліміз ішіндегі қоғамдық-саяси ахуалды да нығайта түсетін болады. Халқымыздың арасында қоғамдық-құқықтық реформаларға белсене араласу және өмір сүру стандарттарын көтеруге деген алға ұмтылушылық бар. Мәдениет, білім, медицина және басқа кәсіби салалардың деңгейін арттыру арқылы Еуропада орнығып үлгерген алдыңғы қатарлы стандарттарға жақындауымызға, ел азаматтарының өмір сүру сапасын жақсарта түсуімізге мол мүмкіндіктер де ашылмақ.

Осы жайттарды айта келе, мен Қазақстандағы табысты экономикалық және саяси реформаларды қолдау Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымымен тығыз қарым-қатынаста болып, бірлесе жұмыс жүргізуіміздің оң қадамы деп бағалаймын.

- Қазақстанның әлем алдындағы беделінің өсуі, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі аса жауапты миссиясы жайлы жан-жақты әңгімелеп бергеніңіз үшін рақмет. Депутаттық қызметіңізде абыройлы бола беріңіз.

Соңғы жаңалықтар