ЕҚЫҰ-ға төрағалық көлік жүйеміздің әлемдік жүйеге кірігуіне жаңа мүмкіндіктер ашады - А. Бектұров
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ЕҚЫҰ Экономикалық-экологиялық форумына дайындық конференциясы Еуразия құрлығының дәл кіндігінде, көшпелілердің ежелгі мекенінде өтіп жатыр. Дәл осы мекенде жүз жылдай бұрын Ұлы Жібек жолының негізгі дәлізі өткен болатын. Батыс пен Шығыс мәдениетін ұштастырған Жібек жолы заманауи халықаралық қатынастардың іргетасын қалады десек те болады. Қазіргі күні Қазақстан Ұлы Жібек жолын жаңғырту идеясын нақты іске асыруға кірісті. Біз ресейлік, қытайлық әріптестерімізбен бірлесе отырып, еуропалық мемлекеттердің және халықаралық қаржы институттарының қолдауымен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» трансқұрлықтық автокөліктік дәлізді жүзеге асыра бастадық. Бұл жоба Көлік стратегиясының негізгі бөлігі ретінде айқындалған», деді А. Бектұров. Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және сол кезеңде көлік мәселелеріне баса назар аударылуы еліміздің көлік жүйесінің одан әрі дамуына, оның әлемдік көлік жүйесіне кірігуіне жаңа перспективалар аша түседі. Сонымен бірге, көлік саласында ЕҚЫҰ мемлекеттері арасындағы байланыс пен өзара іс-қимылдарды нығайтуға мүмкіндіктер жүзеге асады.