20:33, 08 Сәуір 2010 | GMT +5
ЕҚЫҰ қазіргі төрағасының Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі бастамалары белсенді қолдау тапты
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат - Бүгін ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев өзінің әріптестері - Ресей сыртқы саясат ведомствосының басшысы Сергей Лавровпен, Испания Корольдігінің сыртқы істер министрі (ЕО-ға төрағалық етуші) Мигель Моратиноспен, Литва Республикасының сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалиспен және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы, Қырғызстанға БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі ретінде жіберілген Янош Кубишпен телефон арқылы бірқатар келіссөздер жүргізді.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлағанындай, сұхбаттасушылар Қырғыз Республикасындағы жағдайды барлық тараптардың ауқымды диалогы арқылы шешу қажеттігі жөніндегі қазақстандық төрағалықтың ұстанымдарын толық қолдады және ЕҚЫҰ қазіргі төрағасының ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Ж.Кәрібжановты Қырғызстандағы арнайы өкіл ретінде жіберу туралы шешімін жоғары бағалады.