ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы Венада бірқатар кездесулер өткізді

БҰҰ-ның Венадағы кеңсесінің бас директоры, есірткі және қылмыс жөніндегі басқарманың директоры Антонио Мария Костамен және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт Ұйымының Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Тибор Тотпен кездесті.
Антонио Мария Костамен болған кездесу барысында Қанат Саудабаев, Қазақстанның БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының халықаралық қауіпсіздікті нығайту, лаңкестікпен, сыбайлас жемқорлықпен, трансшекаралық қылмыспен және заңсыз есірткі айналымымен күресу жөніндегі қызметін жоғары бағалайтынын және қолдайтынын атап көрсетті.
Мемлекеттік хатшы сондай-ақ ауғандық есірткі трафигімен күрес шебінің алдында жүрген Қазақстанның аймақтық бастамашылықтарға атсалысып, есірткіні бақылау саласындағы халықаралық міндеттемелерді ұстана беретінін хабарлады. ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру мәселесін Ұйымның 2010 жылдағы маңызды басымдықтары ретінде анықтап отыр және осы мәселеде БҰҰ басқармасымен тығыз ынтымақтастыққа үмітті.
А.М. Коста өз кезегінде, жақында Алматыда ашылған Есірткі заттарымен, психотроптық заттармен және олардың прекурсорларымен күресу жөніндегі Орталықазиялық аймақтық орталыққа жоғары баға берді. Бұл орталық оның пікірінше, Ауғанстаннан келетін есірткі трафигінің алдында тұрған Орталық Азия елдерінің ынтымақтастығын нығайту жөніндегі жалғасып жатқан күш-жігердің бөлігіне айналады.
Ал атқарушы хатшы Т.Тотпен болған кездесуде Қазақстан министрі Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт Ұйымының Дайындық комиссиясының ядролық қаруды таратпау режімін нығайтуға және халықаралық қауіпсіздіктің деңгейін арттыруға бағытталған жұмысына жоғары баға берді.