ЕҚЫҰ ПА Күзгі сессиясында мәжілісмен Қ. Сұлтанов исламға қарсы түсірілген арандатқыш фильмді қатаң сынға алды

АСТАНА.  8 қазан. ҚазАқпарат - Тирана (Албания) қаласында өткен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Күзгі сессиясы аясындағы пікірталастарға ЕҚЫҰ ПА мүшелері - қазақстандық парламентшілер белсенді қатысты.
None
None

Атап айтқанда, Екінші сессия барысында сөз сөйлеген қазақстандық парламенттік делегация басшысы, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков парламенттік қоғамдастық алдында Қазақстанның жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты еңсеру жөніндегі шаралары туралы баяндап берді. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметінен хабарланды. 

«Елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды әлеуметтік жаңғырту шараларының, арнаулы моноқалаларды дамыту бағдарламасының барысына, сондай-ақ қазақстандық «Жасыл көпір» бастамасына тоқталған сенатор, ЕҚЫҰ қатысушы-мемлекеттерінің парламентшілерін Қазақстан Президенті Н. Назарбаев бастама жасаған жаһандық экономиканың өзекті мәселелері жөніндегі «G-global» жобасына белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар, делегация басшысы ЕҚЫҰ парламенттік қоғамдастығын EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге байланысты еліміздің кандидатурасын қолдауға шақырды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Бұдан бөлек, «ЕҚЫҰ: тұрақтылық пен қауіпсіздіктің өзегі ретінде қажетті басқарулар мен интеграцияларға жәрдемдесу» атты тақырыптағы парламенттік конференция аясындағы пікірталастарға Парламент Мәжілісінің депутаты  Қуаныш Сұлтанов белсенді қатысты. Өз сөзінде депутат ЕҚЫҰ аясындағы көпұлтты және мультимәдениетті қоғамдастықтың қорғалу мәселелерінің өзектілігіне тоқтала келе, «өркениеттер қақтығысының» алдын алу жөніндегі шараларды қабылдаудың аса қажеттілігін атап өтті.  Сонымен қатар, Қуаныш Сұлтанов сөз арасында исламға қарсы шығарылған арандатқыш фильмді қатаң сынға алып, сөз бостандығын жамылып діни сенімді қорлаудың кез келген түріне жол берілмеу керектігін баса айтты.

Сонымен қатар, қазақстандық парламентшілер тиімді басқару үдерісін қамтамасыз етудегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін талқылауда белсенділік танытып, сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Тұрақты комитетінің отырысына да қатысты.

Соңғы жаңалықтар