ЕҚЫҰ ПА Вильнюсте өтіп жатқан жыл сайынғы 18 сессиясының жұмысына қазақстандық парламенттік делегация қатысуда

деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы отырыстар аясында Қ.Сұлтанов әлемдегі, оның ішінде Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған Қазақстан бастамалары туралы баяндама жасады.
Қазақстан делегациясының басшысы ЕҚЫҰ парламентшілерін 29 тамызды жаппай қырып-жою қаруларынан бас тартудың дүниежүзілік күні ретінде жария ету және оны БҰҰ қарауына ұсыну туралы Президент Н.Назарбаевтың ұсынысы туралы хабардар етті.
Парламентшілер Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының Астанада өткен және ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбо қатысқан ІІІ съезінің нәтижелеріне назар аударды.
Өркениеттер арасындағы үнқатысуды нығайтуға Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары съезінің қомақты үлесін атап өте келіп Қ.Сұлтанов халықаралық қолдауға ие болған діни жиынға қатысушылар адамзатты қақтығыстар мен соғыстардан сақтандыруға әзірліктерін білдіргенін айтты.
«Діни басшылар ішкі тұрақтылықты нығайту, діни сенім мен көпконфессиялық келісімді бекемдеу жөніндегі Қазақстанның тәжірибесі көптеген елдерге өнеге бола алатынын білдірді»,-деп атап өтті сенатор.
Сессия аясында қазақстандық парламентшілер Литва Республикасы Сеймінің Қазақстан Парламентімен ынтымақтастық тобының мүшелерімен кездесті.
Достық тобының төрағасы Эдмундас Пупинис пен Сейм депутаттары парламентаралық, оның ішінде Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы Литваның осы ұйымға төрағалық етуі аясындағы байланыстарды белсенділендіру жөніндегі қазақстандық әріптестерінің бастамаларына қолдау білдірді.
Қазақстан парламентшілері Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Ауғанстандағы жағдай мәселелеріне арналған «дөңгелек үстел» отырысына қатысты.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы 18 сессиясының қорытындылары бойынша Вильнюс декларациясы қабылданатын болды.