22:00, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының VIII сессиясы ашылды
ВЕНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Кенжеболат Жолдыбай/ – Бүгін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының VIII сессиясы ресми түрде ашылды,

онда ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Жоао Суареш, Австрия Республикасы Ұлттық кеңесінің (Парламентінің) төрайымы Барбара Праммер, НАТО Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Дж.Тэннор, ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрайымы Дора Бакоянни сөз сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Отырыста Еуропадағы қауіпсіздіктің жаңа сәулетін құру, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша тиімді шешімдерді әзірлеу қажеттігі айрықша атап көрсетілді, демократияны нығайтудың, адам құқықтарын сақтаудың көкейкесті мәселелері қозғалды. ЕҚЫҰ адамзаттық өлшемдерінің негізгі қырлары жөнінде, сайлаулардағы ЕҚЫҰ-ның бақылаушылық миссиясының рөлі туралы, Ұйымға мүше-мемлекеттердің одан әрі ынтымақтастығының маңыздылығы, сондай-ақ нақтылы жағдайлардың ерте алдын-алу және тоқтату мақсатындағы мәмілелік базаларды кеңейту жайында сөз қозғалды. Сонымен қатар, жаһандық ауқымда әлемдік экономикалық және қаржы дағдарысының күшейе түскен жағдайындағы ЕҚЫҰ-ның бірінші кезектегі міндеттері әңгіме болды.ЕҚЫҰ ? жалпыеуропалық ұйым екені белгілі, оның құрамына 56 мемлекет кіреді. Ол БҰҰ Жарғысының 8-ші тарауына сәйкес дағдарыстық жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау, жанжалдарды реттеу және Еуропаны жанжалдардан кейін қалпына келтірудің басты құралы ретінде құрылған. 1992 жылғы ақпанда Қазақстан ЕҚЫҰ қатысушысы болды. 2007 жылғы желтоқсанда Ұйымның Сыртқы істер министрлерінің Мадрид кездесуінде Қазақстан 2010 жылға ЕҚЫҰ төрағасы болып сайланды. 2009 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Қазақстан Республикасы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы төрағаларының «үштігі» құрамына енді. Сонымен қатар Қазақстан ЕҚЫҰ-ның ынтымақтастық жөніндегі Жерортатеңіздік байланыс тобына төрағалық етуге кірісті. Топқа өзінің төрағалығы ауқымында Қазақстан жерортатеңіздік аймақ елдерін жақындастыруға, қауіпсіздіктің негізгі үш өлшемі ? адами, экономикалық-экологиялық және әскери-саяси тұрғыда диалогты және ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесуге ниеттеніп отыр. Бұл орайда Қазақстан едәуір нәтижелерге жеткен салаларда - аймақта сенім шараларын нығайту, ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтау саласында тәжірибе алмасу маңызды болмақ. Бүгінгі күн тәртібінде сондай-ақ Саяси мәселелер және қауіпсіздік комитетінің және Экономика мәселелері, ғылым, технологиялар және қоршаған орта жөніндегі жалпы комитеттің бөлек отырыстары, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Австрия Республикасы Ұлттық кеңесінің төрайымы Б.Праммермен кездесуі, сондай-ақ Австрия Республикасы Парламенті атынан қазақстандық парламенттік делегация үшін ресми қабылдау көзделген.